Ұшақ апаты: Қазақстанның авиация саласы қызметкерлері жоғары біліктілігін көрсетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұшақ апаты: Қазақстанның авиация саласы қызметкерлері жоғары біліктілігін көрсетті

27.12.2024

Апатқа ұшыраған ұшақтың экипажы Ақтаудағы әуежайға екі рет қонуға талпынған. Ал Ақтау әуежайы сол кезде ұшақты қабылдауға дайын болды. Бұл туралы Үкіметтік комиссияның брифингінде Көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді. Сондай-ақ, оқиға орнында екінші қара жәшік табылды. Оны тексеруге екі апта уақыт кетеді. Ақтауда жұмыс істеп жатқан Үкіметтік комиссияның атқарған жұмысы туралы Аягөз Оралбайқызының бейнематериалында.

Үкіметтік комиссияның мүшесі Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, экипаж ұшақты екі рет қондыруға тырысқан. Алайда биіктік пен бағыттың күрт өзгергені байқалды. Дегенмен Қазақстанның әуе кеңістігіне кіргенге дейін барлық апаттық қызметтер ұшақты қабылдауға дайын тұрған.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

Кешегі ұшақ апатында Қазақстанның авиация саласындағы барлық кәсіпорны «ҚазАэроНавигация» диспетчерлері Ақтау әуежайының қызметкерлері жоғары кәсіби біліктілігін көрсетті. Нақты үйлесімді және жедел жұмыс істеді. Алғашқы қоңырау 10:43-те аудандық диспетчерлік орталығының қызметкерлеріне келіп түсті. Ростов диспетчері Грозный қаласынан қосымша әуежайға кетіп бара жатқан «Embraer» әуе кемесі туралы хабарлады. Қазақстанның әуе кеңістігіне өткенге дейін ұшақтың басқару жүйесі істен шықты.

Үкіметтік комиссияның төрағасы Қанат Бозымбаев барлық жауапты қызметтердің жетекшілері жұмысты жалғастыра беретінін мәлімдеді. Сондай-ақ, вице-премьер Ресей мен Әзербайжан елдерінің құқық қорғау органдары криминалистикалық тергеуге жіберілмейді. Бірақ олар ұшақ апатын тергеуге тек сарапшы ретінде қатыса алатынын айтты. Ал, оқиға орнынан табылған «қара жәшіктерді» оқуға орташа есеппен екі апта кетпек.

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, үкіметтік комиссияның төрағасы:

Ертең «Embraer» компаниясының өкілдері мен бразилиялық өндірушілерді күтіп отырмыз. Оқиға болған жердегі ұшақтың қирандыларын қалай құлады сол күйінде сақтап қойдық. Аумақ қоршалған. Ешкім кірмейді. Бұл талап бойынша оларға оқиғаны зерттеуге көмектеседі.

Ұшақ апатынан зардап шеккен қазақстандық азаматтардың отбасыларына әлеуметтік төлем тағайындалады. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Ахмади Сарбасовтың айтуынша, егер отбасында табыс тауып отырған адам қаза тапқан болса, 5 млн теңге бір реттік төлем беріледі.

Соңғы мәліметтер бойынша, қазір Ақтау қаласындағы облыстық ауруханада 6 науқас ем қабылдап жатыр. Оның 3-еуі Қырғызстан, 3-еуі Әзербайжан азаматы. Зардап шеккендердің 4-еуі жансақтау бөлімінде жатыр. Бір әйелдің аты-жөні енді анықталды. Оның жағдайы өте ауыр. Қалған 23 науқастың жағдай жақсы болған соң, елдеріне қайтты.

 Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу