Ұшақ апатынан зардап шеккен 7 науқастың жағдайы әлі де ауыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұшақ апатынан зардап шеккен 7 науқастың жағдайы әлі де ауыр

26.12.2024

Ұшақ апатынан зардап шеккен 7 науқастың жағдайы әлі де ауыр. Қазір Ақтаудағы облыстық ауруханада барлығы 20 адам ем алып жатыр. Олардың үшеуі Қырғызстан, қалғаны Әзербайжан азаматтары. Тек бір адамның нақты кім екенін құзырлы орган өкілдері әзірге нақтылай алмай отыр. Себебі бет әлпетіне қатты зақым келген. Науқастардың жағдайы туралы соңғы мәліметтерді тілшіміз Аягөз Оралбайқызы айтады.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Біз қазір облыстық ауруханадамыз. Мұнда Астаналық дәрігерлер және Әзербайжан мен Ресейден келген білікті мамандар түнімен жұмыс істеген. Нәтижесінде ресейлік дәрігерлер 8 ересек адам мен 1 баланы арнайы бортпен елдеріне алып кетті. Қазір жалпы жансақтау орталығында 7 науқас жатыр. Оның біреуі жасөспірім. Жарақаты ауыр, бірінің бас сүйегі, бірінің өкпесі жарақаттанған. Бірақ бізге науқастармен сөйлесуге рұқсат берілмеді. Жедел тергеу тобының мамандары зардап шеккендермен тілдесіп, мән жайды анықтауда. Апатқа ұшыраған жақындарын іздеп келген шетелдіктер де бүгін аурухана маңында жүр.

Сапар Набиев, Әзербайжан Республикасының азаматы:

Мен ағамның әйелін іздеп келдім. Ол кеше тізімде болды. Бірақ не өлі, не тірі екенін біле алмай отырмын. Жергілікті дәрігерлердің айтуынша, қазір біздің елдің өкілдері де науқастарды туыстарымен байланыстыру үшін қажетті шараларды ұйымдастырып жатыр деді. Аман шығар деген үміттемін.

Айта кетейін, облыстық аурухана кешелі бері күшейтілген режимде жұмыс істеуде. 70-тен аса дәрігер, 150-ден астам өзге медицина қызметкерлері науқастарға жедел көмек көрсетті. Ал ұшақ құлаған оқиға орында құзырлы орган мамандары әлі де жұмыс істеп жатыр. 

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу