Қазақстанның Гвинея-Бисауға дәнді дақылдарды экспорттауға мүмкіндігі мол. Мемлекет басшысы елімізге ресми сапармен келген Умару Сисоку Эмбаломен келіссөз жүргізгеннен кейін осындай мәлімдеме жасады. Ол үшін Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының әлеуетін пайдаланбақ. Сондай-ақ, қос ел басшысы табиғи ресурстарды бірлесіп игеру мүмкіндіктерін талқылады. Соның ішінде темір, фосфат және басқа сирек кездесетін минерал кеніштері бар. Бұдан бөлек, келіссөз барысында Бисау порты мен Транскаспий дәлізін ұштастыру жолдарын зерделеуге келісті. Өз кезегінде Умару Сисоку Эмбало Гвинея-Бисау жастарының Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алғанын қалайтынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қос мемлекеттің көптеген өзекті тақырыптар бойынша ұстанымдары ұқсас.Әсіресе, жаһандық бейбітшілік пен өңірлік тұрақтылықты сақтауға қатысты көзқарасымыз ортақ. Қазіргі геосаяси жағдайда Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Африка Одағы аясында өзара қолдау көрсету және консультациялар өткізу аса маңызды. Жалпы, жан-жақты қарым-қатынасты нығайтуға мол мүмкіндік бар. Бүгінгі маңызды келісімдер – соның айқын көрінісі.
Умару Сисоку Эмбало, Гвинея-Бисау президенті:
Елдерімізде табиғи ресурстарды барлау, білім беру салалары мен көмірсутегін экспорттау бойынша ықпалдастықты жандандыруға қажетті механизм бар. Сонымен қатар Сіздермен түрлі халықаралық алаңдарда қарым-қатынас жасап, көпқырлы байланысымызды ілгерілетуге мүдделіміз
Айя Мүтәлі