Қызылорда облысында бұқаралық спортпен айналысатындардың үлесі 40 пайыздан асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында бұқаралық спортпен айналысатындардың үлесі 40 пайыздан асты

07.12.2024

Қызылорда облысында бұқаралық спортпен шұғылданатаныдардың үлесі 40 пайыздан асты. Соңғы жылдары елдімекендерде жаңа спорт кешендері салынып, жетістікке жеткен ауыл балалары көбейді. Бір ғана Шиелі ауданынан биыл 36 спортшы ел біріншілігінің жеңімпазы атанды.

Шиеліде жаңа денешынықтыру орталығы ашылғалы спортпен шұғылданатын жергілікті өрендердің қатары артқан. Қазақ күресі, дзюдо, самбо залында балалар күні бойы жаттығады. Жастардың таэквонда үйірмесіне де қызығушылығы жоғары. Ал ең бастысы жаңа кешенде заман талабына сай волейболға арналған ойын алаңы бар. Қазір ауыл жасөспірімдері осы жерде ел чемпионатына дайындығын пысықтауда.

Арай Өміртаева, волейболшы:

Волейболмен айланысып жүргеніме 4 жыл болды. Ауылда 214 мектебімде сол жақта жаттығулар істеп, балдармен ойнап жәймен-жәймен ойынымызды күшейттік. Қазіргі залымыз өте күшті, ыңғайлы үлкен.

Нартай Бекежанов ауылындағы спорт кешен кәсіпкердің қолдауымен салынған. Мұнда да бірнеше спорт түрінен үйірмелер жұмыс істеп тұр. Баскетболдан ауданның құрамасы күнделікті жаттығуын осы залда өткізеді. Бүгінде жас спортшылар облыста топ жарып, республикалық турнирлерде жүлде олжалап жүр.

Бақыт Бекшай, баскетболшы:

Жаттығу жасауға қолайлы бәрі. Бәрі қамтылған. Баскетболдан Қазақстан ұлттық құрамасында ойнағым келеді. Шақырту алғым келеді. Арманым сол. Клубтардан шақырту алу, Азия чемпионы болу.

Дені саудың тәні сау деген. Бүгінде өңірде 300 мыңнан астам адам тұрақты түрде бұқаралық спортпен айналысады. Бұл облыс халқының 40,4 пайызы. Жылдан жылға аймақта жаңа спорттық нысандар көбейіп келеді. Әсіресе, басымдық ауылдық жерлерге беріліп, бұл бағытта ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Жұлдызхан Ерқосаев, Облыстық спорт, дене шынықтыру және туризм басқармасы басшысының м.а.

2023 жылы елді мекендерде 13 спорт кешеннің құрылысы басталды. Бүгінгі күнге дейін оның 9-ы халық игілігіне берілді. 4-еуі биыл жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтіп отырмыз. 13 спорт кешеннен бөлек екі спорт кешен демеушілік есебінен салынуда.

Спорттық инфрақұрылымның дамуымен облыс спортшыларының да жетістігі ұлғайған. Биыл Сыр өңірінің оғландары Әлем және Азия біріншіліктерінен 120 жүлде иеленсе, ішкі чемпионаттарда 800-ден астам медаль алған.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу