Қызылорда облысы, Сырдария ауданында бүгін екі ауылға табиғи газ берілді. Соның арқасында үш мыңнан аса тұрғын алдағы ызғарлы қыста көгілдір отынның игілігін көрмек.
Биыл Асқар Тоқмағамбетов пен Сәкес Сейфуллин ауылының тұрғындары көптен күткен көгілдір отынға қол жеткізді. Бұл жобаға мемлекеттен 1 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған. Шаңырағы шаттыққа толған ауыл жұртын аймақ басшысы құттықтап, көптің қуанышына ортақтасты.
Ақерке Жақсылықова, ауыл тұрғыны:
Газды пайдаланып жатырмыз. Өте жақсы. Үйіміз жылы бір жағынан, жұмыстан келген кезде, кетер кезде уайымдамаймыз пеш жағамыз деп газымыз үйімізді жылытып тұр.
Қазір ауданда төрт елдімекен табиғи газға қосылып, тонналап таситын қатты отынның ауыртпалығынан құтылды. Мұнан бөлек, Шаған мен Нағи Ілиясов ауылдарына да газ құбырлары тартылып жатыр. Жалпы осындай игі жобаларды жергілікті әкімдік пен ірі шаруашылықтар бірлесіп жүзеге асыруда.
Берік Сәрменбаев, Сырдария ауданының әкімі:
13 ауылдық округтердің 7-8-де үлкен шаруашылықтар бар. Сол шаруашылықтар өздерінің туған жеріне деп, жоба-сметалық құжаттарын әзірлеп бізге беріп жатыр. Ауылдарды газдандыруға өздерінің үлесін қосып жатыр.
Осылайша мемлекет бюджетін дайын жобаларға дұрыс бағыттаудың арқасында ауылдарда үлкен іс атқарылды. Сырдария ауданындағы 13 елдімекенге 2027 жылға дейін толықтай табиғи газ жеткізіледі. Жалпы облыс халқының 75 пайызы көгілдір отынның игілігін көріп отыр.
Әділбек Серікұлы