Ғазиза Асабаева 24 жыл бойы әлеуметтік орталықта күтуші болып жұмыс істейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ғазиза Асабаева 24 жыл бойы әлеуметтік орталықта күтуші болып жұмыс істейді

16.11.2024

Жарымжан баласы бар бұл отбасыға Ғазиза күнде осылай жылылық алып келеді. Сал боп туған Ілиясты бауырына басып, еркелетеді. Тамақтандырып, дәрісіне дейін өзі ішкізеді. Және осының барлығын аналық қамқорлықпен, бар мейіріммен істейді.

Ғазиза Асабаева, әлеуметтік қызметкер:

Түн ішінде шақырған кездері болды. Ол кезде олармен әдемілеп сөйлесіп, көңілдеріне қарап сөйлесеміз. Өзімнің бала-шағамнан да бұрын осы балаларды ойлап тұрамын.

Әлеуметтік қызметкердің Ілияс секілді қамқорлығына алған тағы 5 баласы бар. Қоғамдық көлікпен жаяулатып жүріп, әрбірінің үйіне күн құрғатпай барады. Емханаға апарады. Аналарына қолғабыс жасайды. Балаларды аулада серуендетіп те келеді.

Айгүл Әбдікәрімова, қала тұрғыны:

Ғазиза апайдың дауысы шыққаннан жатын бөлмеден жүгіріп шығады. Далаға шығарып ойнатып келеді. Тырнағын алып, шомылдырып, өте жақсы қарайды. Документ жағынан ауруханаға көп жүгіреміз мұндай балалармен. Анализ тапсырғанда да қасымызда жүреді.

Ғазиза Асабаеваның мамандығы мұғалім. Бірақ ұстаздықтан гөрі осы істі жаны қалайды. Жылына бір келетін еңбек демалысында жүрсе де, ата-аналардың шақыртуына келмей қалған кезі жоқ. Бұған дейін біраз жыл жалғызілікті қарттарға күтуші болды. Қазір балаларға қарайды. Олардың оғаш әрекеттері мен кейбір мінездеріне де әбден көндігіп кеткен.

Ғазиза Асабаева, әлеуметтік қызметкер:

Шынымды айтсам, өте қуаныштымын осы жұмысты жасағаныма. Себебі өте көп адамның рақметін аламыз әрі сауабы мол жұмыс. Ең бірінші мәселе жұмыс, одан кейін үйдің шаруасы ғой.

Ғазизаның еңбекқорлығын әріптестері де үлгі тұтады. Ақылдасады, жұмыс тәжірибесін сұрап жатады.

Шолпан Сейдірова, үй жағдайында әлеуметтік қызмет көрсететін орталықтың бөлім басшысы:

Ерекше бір қасиеті ол кісі ешкіммен конфликтіге бармайды. Біреумен ұрысып қалу жоқ. Өзі салмақты кісі. Үнемі күліп, жадырап, жұмысын атқарады.

Тынымсыз тірлік пен ыждаһатты іс-әрекет қай кезде де адамды абыройға бөлейді. Мұратқа жеткізеді. Оған Ғазизаның еңбекқорлығы дәлел.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу