Басты Жаңалықтар Шымкент қаласында көпқабатты 134 үй апатты жағдайға жеткен

Шымкент қаласында көпқабатты 134 үй апатты жағдайға жеткен

Шымкент қаласында көпқабатты 134 тұрғын үй апатты жағдайға жеткен. Олардың алды осыдан 80-90 жыл бұрын салынған. Қабырғасы әлдеқашан қақ айырылып, шатыры қирап қалғанымен барар жері болмаған соң тұрғындар әлі де осында тіршілік кешіп жатыр.

Нағима Байбосынова апатты үйдің аядай ғана бір бөлмелі пәтерін 30 жылдан бері паналап келеді. Қасында анасынан айырылып жетім атанған жиені қызы бар. Ас үй де, жатын бөлме де осы. Жыртық үйдің шатырынан өткен қар мен жаңбыр суы ішке тамшылайды. Кіріпші мүжіліп, қабырғасы ырсиып тұр.

Нағима Байбосынова, қала тұрғыны:

Жаңбырлы күні төбесінен су ағып астына келеді. Жарық қайта-қайта күйіп кетеді. Балалар балконнан құлап жатыр.

1932 жылы салынған бұл үйдің тұрғындары қаттырақ түшкіруге де қорқады. Оқыс қимылдасаң төбедегі сылақтар опырылып құлайды. Баспалдақтардың темір жақтауларының өзі сықырлап, әне-міне сынып түсердей. Жалдау ақысы арзан болғандықтан көпбалалы, тұрмысы нашар отбасылар амалсыз осында пәтер жалдап тұрады.

Ирина Демченко, қала тұрғыны:

Өте қауіпті. Дәлізде жүрсең шатыр емес аспан көрінеді. Электр желілері де тозған. Қашан өрт шығып кетеді деп үреймен өмір сүреміз.

Қазір Шымкентте тозығы жеткен және апатты жағдайдағы осындай 134 көпқабатты тұрғын үй бар. Дені қала орталығында. Бір кездегі сәулетті саналған баспаналар қазір жапырайған кепеге айналған. Енді оларды жаңарту ісімен әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы айналысуда. Жұмыс әлі де қарқын алған жоқ. Өйткені тұрғындармен келесу өте қиын және баяу жүріп жатыр дейді мамандар.

Данияр Ахметжанов, «Shymkent» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы:

Қазір жүріп жатқан 5 үй. Оның үшеуінде құрылыс қарқынды фазада. Қазаншұңқырлары қазылып, соғылып жатыр. Ал Елшібек батыр 91,93 үй құжаттарының мәселесін қарастырудамыз.

Бүгінде шаһарда 2 мыңнан астам көпқабатты үй болса соның тек үштені бірі ғана еліміздің Тәуелсіздігі жылдарында салынған. Сондықтан да көп ұзамай оларды да кезең кезеңімен жаңарту мәселесі туындайды.

Ғани Қалмаханов


Бөлісу