Атырау облысында ауыл шаруашылығына су жеткізетін каналдар жөнделе бастады. Былтыр Индер ауданында 2 каналдың түбін тереңдету жұмыстары басталған еді. Биыл тағы екі жобаға қаржы бөлініп, құрылыс жүріп жатыр. Егін мен мал шаруашылығының тірлігі тікелей Жайық өзеніне тәуелді болғандықтан су арналарының маңызы зор.
Бұл – Индер ауданының Жарсуат ауылдық округіне қарасты қыстақтар мен егіс алқаптарын суландыратын Құрайлысай каналы. Оны тереңдетіп, тазалау жұмыстары былтыр күзде басталды. Қазір ұзындығы 53 шақырымдық арнаны аршу жұмыстары аяқталып келеді. Жоба бойынша бұл канал қысы-жазы су ұстайтын бетон суаттармен жабдықталып, су сорғылары қойылмақ.
Досымбек Жандаров, учаске прорабы:
Бойында 5 катлаван бар. 4 көпірді жөндеп жатырмыз. Су сорғы бекетінің күнделікті жұмыстары қалып тұр. Тұрбалары ауысады. Оны ендігі жылға қалдырып жатырмыз. Бірақ инертті материалдардың бәрін алдырып қойдық.
Құрайлысай каналының құрылысына республикалық бюджеттен 685 млн теңге қарастырылған. Жоба толық жүзеге асса, ауылдықтар үшін үлкен көмек болғалы тұр.
Ербол Көкеев, Жарсуат ауылдық округінің әкімі:
Су болмағасын мал шаруашылығы кәсіпкерлері аз болды. Осы каналға жөндеу жұмыстары басталғасын сұраныс көп. Жер сұрау, мал алам дейтін, шаруашылық құрамын деген жастар көбейіп жатыр қазір.
Индер ауданында осындай 4 канал бар. Шаруалар қазір Алғабас-Жорық каналының игілігін көріп отыр. Ал Ақсай арнасын тереңдету биыл аяқталмақ. Бағырлай және Құрайлысайдағы жұмыстар келер жылы бітеді. Жалпы жоба құны 2 млрд 600 млн теңге.
Сайлау Байбосынов, «Қазсушар» ЖШС АОФ өндірістік учаске басшысы:
Кезінде бәрі шөппен, үйінді құмдармен бітеліп, су деген жалпы ұзындығы 53 шақырымды құрайтын болса соның тек жартысына дейін жетіп тұрды. Қазір енді қараймыз атқарылып жатқан жұмыстарды. Осындай жұмыстар жүріп жатыр. Барлық жерде катлавандар қазылып жатыр.
Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:
Атырауда облыс шаруашылықтарын суландыратын 15 канал бар. Оларды күтіп ұстауға қаражат республикадан бөлінеді. Биылдан бастап Индер, Махамбет аудандарында бұған дейін жөнделгендеріне қосымша тағы 7 канал жөнделуі тиіс.