Жетісулық жүгері өсірушілер өңірде былтырғы жағдай тағы да қайталана ма деп алаңдаулы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісулық жүгері өсірушілер өңірде былтырғы жағдай тағы да қайталана ма деп алаңдаулы

29.10.2024

Шығымы жақсы болса да шығынды ақтамады. Жетісулық жүгері өсірушілер өңірде былтырғы жағдай тағы да қайталана ма деп алаңдаулы. Өткен жылы аймақ шаруалары астатөк өнім алғанымен жүгеріні сата алмай қиналды. Біріншіден баға төмендеп кетті, екіншіден өткізетін жер таппады. Облыс бойынша биыл 41 мың гектарға себілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 16 мың гектарға аз. Мәселе қалай шешілмек? Әріптесім Қуаныш Қанатұлы анықтап көрді.

Жазиралы Жаркент өңірі облыста ең көп жүгері өсіретін аудандардың бірі. Биыл шаруалар 23 мың 400 гектарға жүгері септі. Жыл қолайлы болып, өнім де мол. Алайда баға төмен. Онда да ылғалдылығына қарай саудалануда.

Еркін Ақмырзаев, шаруа қожалығының жетекшісі:

Биыл тағы да өзіміздің шығарған шығынымызды ақтамай қалдық. Сондықтан Үкіметтен, бәрінен сұрайтынымыз жүгерінің бағасы мүмкіндігінше жоғары болса екен. Бізге ең болмағанда 80 теңгеден жоғары болса, сонда бірталай шығынымызды мүмкін өтейтін едік.

Биыл ауданда 170 мың тоннадай өнім жиналады деп күтілуде. Оның 100 мың тоннасын Жаркенттегі крахмал-сірне зауыты алуы тиіс. Қазір жергілікті шаруалар басқа да өткізетін орындарды өздері қарастыруда. Мәселен Оразбай шаруа қожалығы былтырдан бері сағатына 50 тонна жүгері кептіретін зауыт ашты. Өз өнімін өндіріп болғаннан кейін басқа да шаруалардың дақылын кептіріп бермек.

Берік Оразбаев, шаруа қожалығының жетекшісі:

Биылдыққа әлі өткізген жоқпыз. Өзіміздің өнімді жинап жатырмыз әлі. Кептіріп, сақтап дайындап жатырмыз. Енді қазір көрші мемлекеттен Қытай азаматтары келіп жатыр. Олармен де келісімшарт жасап жатырмыз. Енді қалай болатыны болашақта белгілі болады.

Жергілікті билік жүгері бағасын Үкімет емес нарық реттейді деп отыр. Ал мемлекет шаруаларға қазір тек субсидиямен ғана көмектесе алады.

Бақтияр Шампиков, Жетісу облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

Ағымдағы жылы субсидия көлемін 6 мың теңгеден 10 мың теңгеге дейін ұлғайттық. Бұған жалпы 864 млн теңге бюджеттен бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп.

Қазіргі таңда облыста жүгерінің 80 пайыздан астамы орылды. Ал шаруалар тағы да далада қалып қала ма деп уайымдауда.


Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу