Ырыздығын жерден терген диқандар күз келіп, молшылыққа кенелуде. Түркістандық шаруалар көкөніс пен бақша дақылдарын, ет пен сүт өнімдерін жұртшылыққа ұсынып, арзан бағамен саудаға шығарды. Еңбек адамының еңбегі ескеріліп, үздіктер марапатталды. Алтын күз мерекесіне барған әріптесім Айнұр Әбілқасымқызының материалы.
Ала жаздай еңбек етіп, ризық-несібесін жерден терген диқандар бүгін Түркістанның «керуен сарай» туристік кешеніне жиналды. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, көпшілікке 3000 тоннадан астам өнім ұсынылды.
Кәмилә Кемебаева, қала тұрғыны:
Келсек барлығы арзан екен. Пиязы арзан екен, 70 теңгеден. Бір қабын алдық 37 келі. Алма арзан деп жатыр екен екі жүзден. Бес келі алдым. Қолдың қаймағы, қолдың айраны деп тұр.
Ал түлкібастық шаруалар көпшілікке дәмі тіл үйіретін алмаларын ұсынды. Қазір аудандағы алма бақтарының аумағы үш мың гектардан асады. Бағбандар жемістің жаңа сұрыптарын , тіпті Түркия, Италияда өсетін алманы жерсіндірген. Бұрын гектарына он тонна алса, қазір 40-50 тонна өнім жинайды.
Отандық брендке айналған Байсары тұқымдас қойлар мал баққан шаруаның маңдай тері. Бұлар 230 келіге дейін ет беред дейді иесі. Өңірдегі шаруалар байсары қойларын бес мың басқа көбейтіп, арнайы патент алған.
Кенжеәлі Есіркепұлы, шаруа:
Қазақы қой түріне Еділбай қошқарымызды қосып, одан тәжіктің гиссарысын қостық жаңағыдай әдемілігін алу үшін. Одан Ауғанды қостық, бойының биіктігін алу үшін, одан кейін қырғыз қошқарларын қосып, құлағының әдемілігін алып, жаңа қой тұқымы жарыққа шықты.
Жаз бойы бел жазбай еңбектенген шаруалар енді қысқа қамданады. Бүгінгі жәрмеңкеде олар үшін ауылшаруашылығы техникаларының көрмесі ұйымдастырылды.
Әмірше Мәленұлы, шаруа:
Мен бұл жерден айналма соқа таптым тракторге, жерге агрегат. Кобайндар бар екен, дәрі себетіндер бар екен. Солардың барлығын көрдім. Әр компанияға бармай осы жерден барлығын табуға болады екен, жақсы екен.
Жылдағы дәстүр бойынша бұл мерекеде жағалай ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, шаруалардың өнімдерінен халыққа ақ дастархан жайылды. Ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылып, өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашты. Үздік еңбеккерлер марапатталды.
Айнұр Әбілқасымқызы