Референдумда дауыс беретін учаскеңізді анықтау үшін referendum.gov.kz сайтына кіру қажет. Тұрғылықты жеріңізді таңдайсыз. Жеке сәйкестендіру номеріңізді енгізесіз. Бірден дауыс беру учаскеңіз шығады. Мекеменің атауы, орналасқан жері толықтай көрсетіледі.
109 call-орталығына хабарласу керек
Ал егер тізімде жоқ болсаңыз, 109 номерлі колл орталыққа хабарласу керек.Сондай-ақ, әр облыстың қосымша хабарласу номерлері де көрсетіледі.
Шет елдегі қазақстан азаматтары қалай дауыс береді?
Шетелде жүрген Қазақстан азаматтары дауыс беру үшін сол елдегі Қазақстанның елшілігіне жүгіну керек. Учаскелердің мекен-жайларын ҚР СІМ сайтынан табуға болады. Өзіңізбен бірге Қазақстан Республикасы азаматының жарамды паспорты болуы қажет. ҚР кез келген 18 жасқа толған азаматы мен азаматшасы дауыс беруге құқылы.
Дауыс беру үшін кабинаға екі адам кіруге болмайды
Дауыс беру үшін кабинаға екі адам кіруге болмайды. Заң бойынша дауыс беру жасырын болуы тиіс. Тек, бюллетеньді өз бетінше толтыруға мүмкіндігі жоқ адам ғана көмекке жүгіне алады.
Дауыс беру үшін не істеу керек?
Дауыс беру үшін тіркелген мекен-жай бойынша учаскесеңізге келесіз. Референдум комиссиясының мүшелеріне жеке куәлігін көрсетіп, бюллетеньді аласыз. Дауыс беру кабинасына өтесіз. Бюллетеньде бір сұрақ, екі жауап нұсқасы болады. "Иә" немесе "жоқ" жауаптарының бірін белгілейсіз.
қандай жағдайда бюллетень жарамсыз деп танылады?
Ал қандай жағдайда бюллетень жарамсыз деп танылады? Яғни, белгіні қарандашпен қоюға немесе таңдалған жауап нұсқасын түзетуге болмайды. Егер жауаптың барлық нұсқасы дұрыс деп таңдалса, дауыс санағанда бұл бюллетеньдер есепке алынбайды. Бюллетень жарамсыз деп танылады.
Дауыс беру күні кез-келген үгітке тыйым салынады
Дауыс беру күні кез-келген үгітке тыйым салынады. Яғни, былай дауыс бер деп үгіт-насихат жасауға болмайды. Егер кімде-кім бұл тыйымды бұзса, ол жауапқа тартылуы мүмкін. Сондықтан толтырылған бюллетеньді ешкімге көрсетпеу керек. Бюллетеньді бүктеп, бүктелген күйінде дауыс беру жәшігіне салу қажет.
Самал Қабышева