Шымкентте 6 мыңнан астам оқушы ғылыми жоба әзірлеген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте 6 мыңнан астам оқушы ғылыми жоба әзірлеген

05.10.2024

Шымкент қаласының ұстаздары үшін биылғы оқу жылында біртұтас тәрбие бағдарламасын оқу процесіне енгізе отырып, білім сапасын барынша жақсарту басты міндет болып отыр. Осы мақсатта педагогтардың біліктілігін арттырумен бірге қалада дарынды балаларға арналған мектептер желісі ұлғаяды.

 Шымкентте әр оқу жылында 6 мыңнан астам оқушы ғылыми шығармашылық жұмыспен айналысады. Сондай-ақ былтыр жүзден астам шәкірт халықаралық және республикалық пән олимпиадаларында топ жарған. Ұстаздар біліктілігін арттыру нәтижесінде білім сапасының көрсеткіші 56 пайызға көтерілді.

Нұргүл Шәмшиева, Қалалық білім басқармасының басшысы:
 Биыл жаңартылған біртұтас тәрбие бағдарламасын оқу процесіне кіріктіріп жатырмыз. Осы бағытта үлкен жұмыс жүреді. Қалада 40 мектеп нысаналы болып белгіленіп, білім сапасын арттыру бойынша жұмыс жүруде.
 Бүгінгі мерекеде педагогикалық шеберлігімен танылған, оқу әдістемесінде жаңашылдығымен көзге түскен бір топ ұстаз марапатталды. Солардың бірі Раушан Бегімбетова Ы. Алтынсарин меделін алды. 30 жылдан астам уақыт ұстаздық етіп келе жатқан жан тәрбие ісіне бауыржантану ізденісімен үлес қосқан.

 Раушан Бегімбетова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
 Ең бірінші баланы жақсы тани білу керек. Ол үшін баланы жан-дүниесімен жақсы көру керек. Оқушының жан дүниесіне үңіле алсақ нағыз ұстаз болғанымыз.
Бүгінгі таңда мегаполис ұстаздары сапалық құрамы жағымен де мақтана алады. Мұғалімдерді ынталандыру және олардың мәртебесін артыруға байланысты жергілікті билік тарапынан ұдайы қолдау көрсетіліп келеді.

 Ғабит Сыздықбеков, қала әкімі:
  Жыл сайын республикалық байқауда үздік педагог атанған 100 ұстазға мың АЕК көлемінде сыйақы берілсе, жергілікті бюджеттен 10 адамға 1 миллион 35 мың теңге сыйақы берілген.
 Биыл қалада тағы 11 жаңа мектептің құрылысы аяқталғалы тұр. Ал келер жылы «Жайлы мектеп» ұлтық жобасы аясында 18 білім ұясы шәкірттерге есігін айқара ашпақ.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу