Қазақстан мен Еуропалық Одақ ынтымақты күшейтуге мүдделі
Еуропалық Одақ Қазақстанмен ынтымақты күшейтуге мүдделі. Бұл туралы тараптар Брюссельде өткен «ЕуроОдақ-Қазақстан, стратегиялық серіктестік, жаңа бағыттарды ашу» атты басқосуда мәлімдеді. Мәртебелі жиынға Қазақстан Парламенті мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері; Еуропарламент депуттары мен, еуропалық сарапшылар қатысты. Отырыста жаһандық өзекті мәселелер, қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеру жолдары талқыланды.
Қазақстан мен Еуропарламент депутаттары жылына бір мәрте кездесіп, ынтымақты нығайту жайын талқылауды дәстүрге айналдырған. Кезекті басқосудың күн тәртібі де өзекті. Саяси диалогты күшейту, алыс-берісті арттыру. Былтыр өзара тауар айналымы 41 млрд. долларды құрады. Сауда-саттықты ұлғайтуға екі жақ та мүдделі.
Самат Нұртаза, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Еуропа мемлекеттері бізге мұқтаж. Бізде бар минералды ресурстар Еуропа мемлекеттеріне керек. Қарапайым бидайдан бастап, сирек кездесетін металдарға дейін. Олардың да беретін, біздің де беретініміз бар. Сондықтан да қарым-қатынасты күшейту керек.
Томаш Здеховски, Еуропалық парламенттің Орталық Азия және Монғолиямен байланыс делегациясының жетекшісі, Еуропарламент депутаты:
Қауіпсіздік, мәдениет және білім саласында ынтымақты арттырудан үміттіміз. Жалпы, екіжақты қатынасымыз қарқынды дамып келеді. Қазақстан-Еуропа компаниялары үшін аймақтағы басты инвестияциялық серіктес. Көлік саласы да өте маңызды. Қытайдан Еуропаға тауар жеткізуде бізге балама жолдар қажет.
ЕуроОдақ Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін пайдаланып, Қазақстан арқылы транзит көлемін арттыруға ниетті. Сондай-ақ білім, ғылым, сандық технология саласында тәжірибе алмасу күшейтіледі. Еуропарламент мүшелері Қазақстандағы саяси-құқықтық реформаларды жоғары бағалап отыр. Басқосуда Жаңа Қазақстан құру, демократияны дамыту бағытындағы жобалар еуропалық сарапшылардың қызу талқысына түсті.
Ержи Оледзки, Михал Бойм атындағы азиялық және ғаламдық зерттеулер институтының қор кеңесінің мүшесі:
Қазақстан энергетикалық трансформация жасау арқылы, энергетика құрылымын қалай өзгеруге болатыны тұрғысында көптеген Еуропа мемлекеттеріне үлгі көрсетіп отыр. Себебі, менің елім Польша сияқты бірқатар елдер әлі күнге көмірді тұтынып отыр. Ал, Қазақстан жасыл экономикаға көшуге бет бұрып, атом электр станциясын тұрғызуды қоғам талқысына салды. Бұл-демократиялық ұстаным. Әрі Қазақстандағы демократияның дамуының айқын көрінісі.
Климаттың өзгеруіне қарсы күрес, Арал теңізін құтқару, су тапшылығы мәселелері де жиында терең қаузалды. ЕуроОдақ лаңкестікпен күресте Орталық Азияның көшбасшысы Қазақстанның көмегіне үміт артады. Жалпы кез келген көкейкесті мәселені қос тарап конструктивті диалог арқылы шешуге дайын.
Нұрсұлу Қасым
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
