«Соғыс бұдан әрі өрши берсе, Ресей-Украина қақтығысына тікелей қатысы бар мемлекеттерге салдары өте ауыр тиеді». Қазақстанға ресми сапармен келген Германия канцлері Олаф Шольцпен келіссөз кезінде Мемлекет басшысы осылай деді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, «Стамбұл келісімі бекітілмесе де, бейбітшілік орнатуға әлі де мүмкіндік бар». Тараптар сауда-экономика және инвестиция саласындағы мәселелерді де талқылады.
Былтыр мемлекеттік сапар жасаған Германия Президентін күткен «Ақорда» бүгін осы елдің Үкімет басшысы-канцлерін салтанатпен қарсы алуға әзір тұр.
Данияр Қайыртай, тілші:
Германияның Федералдық канцлері лауазымындағы тұлға Қазақстанға 14 жылдан бері келмеген. Ал осы қызметке 3 жыл бұрын сайланған Олаф Шольц үшін бұл – Қазақстанға ғана емес, Орталық Азия аймағына алғашқы сапар болып отыр.
Президент: Көршілес халықтар бейбіт әрі бір-бірімен түсінісіп өмір сүруі керек
Шағын құрамдағы келіссөзде Қасым-Жомарт Тоқаев Германияны Еуропадағы ғана емес, жаһандағы негізгі серіктесіміз деп атады. Ал Олаф Шольц Қазақстан президентінен Украина төңірегіндегі жағдайды реттеуге байланысты пікір білдіруін өтінді. Мемлекет басшысы «Соғыс бұдан әрі өрши берсе, Ресей-Украина қақтығысына тікелей қатысы бар мемлекеттерге салдары өте ауыр тиеді» деді. Сондықтан түрлі елдердің соғысты тоқтатуға арналған бейбіт бастамаларын басшылыққа алуды ұсынды.
«Біздіңше, Қытай мен Бразилияның бейбітшілік жоспары қолдауға тұрарлық. Мемлекеттер басшылары келеді, кетеді. Ал халық, әсіресе көршілес халықтар бейбіт әрі бір-бірімен түсінісіп өмір сүруі керек. Қазақстанның Ресеймен дүние жүзі бойынша құрлықтағы ең ұзын шегенделген шекарасы бар. Біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастық стратегиялық серіктестік пен одақтастық аясында дамып келеді. Қазақстандықтар украин халқы мен оның төл мәдениетіне шынайы құрметпен қарайды. Қазақстан мен Украина арасында ешқандай келіспеушілік болған емес. Киевте Елшілігіміз әлі де жұмыс істеп жатыр».Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
Екі ел арасындағы тауар айналымы 1,5 есе өскен
Канцлер іскер топтардың белді өкілдерін ерте келгенін айтты. Ресми делегация құрамындағылардың да дені – экономикалық блокқа жауаптылар. Кеңейтілген көлемдегі келіссөздің ауданы содан-ақ түсінікті.
Олаф Шольц, Германияның федералдық канцлері:
Экономикалық ынтымақтастықты барлық салада дамытқымыз келеді. Энергетика саласындағы серіктестігіміз дәйекті түрде алға жылжып келе жатқанына дән ризамыз.
Былтыр екі жақты тауар айналымы 1,5 есе өсіп, 4 млрд долларға жуықтады. Ал биылғы жеті айдың өзінде сауда-саттық көлемі 2,3 млрд доллардан асқан.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бүгінгі кездесу Қазақстан мен Германияның көп қырлы ынтымақтастығын жаңа белеске көтереді деп сенемін. Себебі елдеріміздің арасында өзара сенім бар, берік достық қатынастар орнаған.
Тараптар 3 меморандумға қол қойды
Келіссөзден кейін мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық туралы бірлескен декларация бекіді. Ал ресми делегация мүшелері үш түрлі меморандумға қол қойды.
Бір құжат Шығыс Қазақстандағы техникалық университет жанынан «Қазақстан-Неміс ғылым және технологиялар институтын» құруды көздейді.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
Бірқатар университеттер кіреді. Негізгі мақсат – металлургия, сирек металдар, кен байыту бірлескен ғылыми жобаларымен айналысу.
Германия канцлері ресми сапармен келді
Германия канцлерінің ресми сапары мұнымен аяқталған жоқ.
Ертең Олаф Шольц С5+1 форматындағы «Орталық Азия – Германия» Саммитіне қатысады. Тараптар ондай форматта алғаш рет былтыр Берлинде кездескен еді.
Данияр Қайыртай