Бүгін көкпар тартып, құс салып саят құрып, теңге ілген спортшыларымыз жеңіс тұғырынан көрініп, ойынның көркін қыздырды. Ең бастысы шартараптан келіп жатқан небір мықтылардың өнеріне тамсанып, тақым қысқан ел риза. Олардың ішінде көзайым болған туристер де бар. Көшпенділер ойындарына келген қонақтар, дүбірлі доданың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтты.
Этноауылдың бір бұрышында аттың дүбірі, көрерменнің қиқуы, ал енді бір шетінде өнерпаздарымыздың өнері мен көшпелілердің ойынына таңдай қағып, тамсанған туристерді байқайсыз. Джордан көкпарды көру үшін досымен бірге арнайы Австралиядан келген. Ол бүгін финалдағы салым салған шабандоздардың ойынынан шабыт алған.
Джордан, турист /Австралия/:
Қазақстанға келіп, түрлі ат спортымен танысып, керемет мәдениеттеріңізге тәнті болып жүрмін. Бүгін көкпарды көріп тіпті сіздердің елдеріңізге қызығып кеттім. Мен осы көкпар және көкбөрі ойындарын көру үшін келдім. Жылқылардың шабысына сүйсініп отырдым. Бұрын-соңды мұндай жарысты көрген емеспін. Егер Қазақстан мұндай іс-шараны алдағы уақытта ұйымдастырса, тағы келіп көреміз.
Ал, Лондоннан отбасымен келген Оскар, Ұлы Абайдың шығармашылығын таныған соң, қазақ еліне ат басын бұрғанын айтады.
Оскар Миллс, турист /Лондон/:
Қазақстанға бірінші рет келіп тұрмын. Осы ойындармен қатар мәдениеттеріңізден ерекше әсер алып жатырмын. Мен қазақ халқын алғаш Абай Құнанбайұлы арқылы таныдым. Мұндағы адамдардың ұлттық киімді кигені, дәстүрін сыйлайтындығы өте қызықты. Өйткені Англияда бұндай нәрсені көп байқай бермейміз. Сондықтан да маған барлығы ұнап жатыр. Келесі апта Алматыға барамын. Онда Шарын шатқалы сияқты табиғаттың керемет көріністерінің куәгері болғым келеді.
Ал, Кореядан келген бұл жас меймандар қолөнер шеберлерінің бұйымдарына қызығып, естелікке сатып алды.
Ким Че Уон, турист /Оңтүстік Корея/:
Осы көшпенділер ойынында қазақ күресін көруге келдім. Өте әсерлі әрі мықты спорт түрі екен. Екі күн бойы спортшылардың күш сынасқанын көріп бұл спортқа деген қызығушылығым ашылып кетті. Киімдеріңіз де ерекше. Осы тақияны сатып алдым. Достарымызбен бірге жексенбіге дейін Астананы аралаймыз.
Шет елден арнайы Астанаға келген туристер тарихымыз бен төл өнер дәстүрімізді бір арнаға тоғыстырған этноауылдан тамаша әсер алған. Әсіресе дүбірлі доданың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтады.
Ақмаржан Ғафизқызы