АҚШ-тағы қазақ балаларының көбі ана тілін білмей өсіп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-тағы қазақ балаларының көбі ана тілін білмей өсіп келеді

06.09.2024

АҚШ-тағы қазақ балаларының көбі ана тілін білмей өсіп келеді. Бұлай жалғаса берсе, алдағы жиырма жылда өскелең ұрпақ ұлттық бірегейлігін мүлдем жоғалтып алуы мүмкін. Америкадағы қазақ диаспорасы арасында алғаш рет талдау сауалнама жүргізген зерттеушілер осындай қорытынды жасап отыр.

Сауалнама, фокус груп және сұхбат түрінде болған талдауды Джордж Вашингтон университетінде тағылымдамадан өтіп жатқан ғалым Гүлнаш Асхат әріптестерімен бірлесіп жасаған. Зерттеу жұмысына АҚШ-та кемі бес жыл тұрып жатқан қазақтар тартылған.

Гүлнаш Асхат, PhD доктор:

Бізді көбірек ойландыратын мәселе - бұл ұлттық бірегейлік. Себебі сіздің ұлттық бірегейлігіңіз қандай елден, қандай ұлттан екеніңізді көрсететін бірден бір белгілері болғандықтан сауалнамалардың басым бөлігін дәстүрге, тілге, дінге деген сияқты бөлімдерге бөлгенмін.

Зерттеушілер шынайы жағдайды білу үшін АҚШ-тың бүкіл штатындағы қазақтарды қамтыған. Сауалнамаға үш жүз адам қатысқан. Ғалымның айтуынша, үлкендер жағы ұлттық салт-дәстүр мен ділін мейлінше сақтап жүр. Алайда өскелең ұрпақтың тілі санаулы жылдың ішінде шұбарланып үлгерген. Тіпті мектеп жасындағы балалардың басым бөлігі ана тілінде сөйлемейді.

Гүлнаш Асхат, PhD доктор:

Тілін ұмытып жатыр. Себебі орта, мектеп, балабақша дегендей. Сонан кейін сыртта жүргеннен кейін қазақи мәдени орталықтар жоқтың қасы екен.

Қазіргі уақытта Нью-Йорк, Вашингтон, Лос Анджелес және Чикаго секілді ірі қалаларда ғана қазақ мәдени орталықтары бар. Ал бейресми ақпарат бойынша, АҚШ-тағы қазақтардың саны 100 мыңнан асқанын ескерсек, санаулы орталық ұлттық бірегейлікті сақтауға сеп болмасы анық. Сондықтан зерттеушілер шеттегі қандастарды қолдау бойынша елдің құзырлы мекемелеріне нақты ұсыныстар жасамақ.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу