Еркін Ғаббасов: Жеңісімді марқұм әкеме арнаймын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еркін Ғаббасов: Жеңісімді марқұм әкеме арнаймын

03.09.2024

Париж Паралимпиадасының күміс жүлдегері Еркін Ғаббасов елге оралды. Нысана көздеуден тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш медаль алған пара спортшыны Астана әуежайынан министрлік өкілдері мен туған-туыстары қарсы алды.

Бұл Еркін Ғаббасовтың бірінші Паралимпиадасы. Екі лицензия жеңіп алған мерген. R1 санатында финалға дейін жетіп, екінші орын алды.

Ал, аралас сайыстың R3 санатында, винтовкамен 10 метрге отырып нысана көздеуде 35-орыннан көрінді. Пара мерген денсаулығы сыр бергендіктен бұл сында жақсы нәтиже көрсете алмадым, дейді.

Еркін Ғаббасов, париж Паралимпиадасының күміс жүлдегері:

Қобалжығанда дайындықта көрсеткен нәтижеге жете алмадым. Қобалжу басым болып кетті, одан соң менде спастика деген бар ішім тартылып қалады. Сол екінші серия кезінде тартылып қалып, аяғым тартылып қалса ішім бәрі тартады да сосын пульсатия көтеріліп кетеді одан соң қалпына келу қиын болады.

Бірер күнде 40 жасқа толатын Еркін Ғаббасов бұл спорт түрімен 14 жылдан бері айналысады. 2007 жылы құрылыс барысында құлап, тірек-қимылына зақым келген. Қазақстанның 4 дүркін чемпионы, әлем Кубогының күміс және қола жүлдегері. 3 баланың әкесі. Пара мерген жетістіктерге жету жолында жанкүйерлерден бөлек анасы мен жұбайының көмегі зор болғанын атап өтті.

Шынар Ғаббасова, Еркін Ғаббасовтың жұбайы:

Өзі айтып отырады: «Сен қасымда отыр, көз алдымда болып көріп тұрайын, саған қарап күш аламын, жігер аламын», деп. Сол себепті мен тырыстым. Құдай қаласа алтын медаль алуға нәсіп етсін деймін.

Күлтай Ғаббасова, Еркін Ғаббасовтың анасы:

Барынша тіледім, Аллаға тәуба, шүкір. Осындай хәлге жетті балам. Өте қуаныштымын. Әйтпесе бұрын құлаған кезде бұлай деп ойламап едім. Аллаға тәубе деймін, тілегімізді берді.

Пара спортшының ендігі мақсаты 2028 жылы АҚШ-та өтетін Паралимпиада ойындарына қатысып, еліміздің Әнұранын шырқату. Айта кетейік, Еркінге бұл жетістігі үшін мемлекет тарапынан 150 мың доллар сыйақы, жергілікті әкімдіктен 2 бөлмелі пәтер беріледі.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу