Президент Қазақстан халқына Жолдауын жариялады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Қазақстан халқына Жолдауын жариялады

02.09.2024

6 қазанда атом электр станциясының құрылысына қатысты жалпыұлттық референдум өтеді. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеді. Тиісті Жарлыққа бүгін қол қоятыны хабарланды. Жалпы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты биылғы Жолдауда ақша-несие саясаты, салық жүйесі мен инфрақұрылым мәселелеріне басымдық берілген. Мемлекет басшысы инвестициялық ахуалды жақсарту мен өнеркәсіп әлеуетін пайдалану мәселелерін де қамтыды. 

Астананың сол жағалауында күзгі қарбалас. Депутаттар екі айлық каникулдан кейін кезекті сессиясын бастамақ. Қос палата жаңа пленарлық залға жиылды. Үкімет мүшелері мен әкімдер де осында. Себебі Президент саяси маусымды ашпақ. Жылдағы дәстүрге сай, Жолдау жариялайды.

Президент: банктердің экономикаға көбірек қаржы құюына жағдай жасау қажет

Негізгі міндет – экономикалық өсім. Ол үшін Президент банктердің нақты секторға қаржы құюына жағдай жасауды тапсырды. Шағын және орта бизнес пен өндіріске несие әлі де жеткілікті берілмей жатқанына шүйлікті.

Дания Еспаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Банк жүйесі тек халыққа несие таратумен әуестеніп кетті. Банктерді экономикаға төмен пайызбен қаражат бөлуге ынталандыру үшін оларға салынатын корпоративтік табыс салығын азайтуға болады. Ал керісінше тұтынушылық несие үшін салық көлемі көбірек болуға тиіс.

Президент былтырғы жолдауында да корпоративтік секторды қаржыландыру үшін шетелден сенімді үш банкті тартуды тапсырған еді. Қазір екі инвестор келгені белгілі. Бірі – Bereke bank-ті сатып алған Қатарлық қаржы институты. Екіншісі – оңтүстіккореялық банк. Үшінші инвестор әлі табылмапты.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банк төрағасы:

Қазір бірнеше келіссөздер жүріп жатыр. Бірақ өздеріңіз білетіндей, бұл сезімтал мәселе. Сондықтан қазіргі таңда айта алмаймын.
-Қай ел болуы мүмкін, көрші елдер ме? - Ол да мүмкін.

Жалпы банк саласы жаңа заңға мұқтаж. 1995 жылы қабылданған қазіргі құжат цифрлық активтердің айналымын қамтамасыз етуді реттей алмайды. Банктерге инновацияларды енгізгенде де қауіпсіздік ескерілуі үшін жаңа норма керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бізге Банктер туралы жаңа заң қажет. Бұл құжатта экономикалық белсенділікті қолдау және финтех саласын қарқынды дамыту сияқты өзекті мәселелер шешімін табуы керек.

Жаңа салық кодексі келесі жылы қабылданады

Жеке инвестиция тарту үшін салық саясаты тұрақты болуға тиіс. Президент жаңа салық кодексін жеңіл әрі жатық етіп жазуды тапсырды. Әрі асықпай, кодексті қабылдауды келесі жылға да қалдыруға болатынын ескертті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Салықтық әкімшілендіру ісінде жазалау тәсілінен де бас тартқан абзал. Мәжбүрлеу шараларын қолданбай-ақ, хабарлама жіберу арқылы өндірілетін салық берешегінің жоғарғы шегін көтеруге болады деп ойлаймын. Ал салық берешегі осы шектен асып кетсе, қарыз сомасы аясында ғана шектеу қойылуға тиіс. Яғни, борышкердің банктегі есеп-шоты толық бұғатталмайды. Берешек сомасы тым көп болған жағдайда, кепілге мүлік қоюды талап етпей, қарызды бөліп төлеуге мүмкіндік берген жөн.

Ал Үкіметке халықаралық қаржы институттарының қатысуымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы іске асырылатын жобалардың тізімін жасау тапсырылды. Ал «капиталын заңдастырғысы» келетін кәсіпкерлер Қазақстан экономикасына қаржы салуға заң жүзінде міндеттелмек. Сонда сырттағы активін қайтаруға ниетті ірі кәсіп иелерінің саны артады. Тіпті олардың есімі «алтын тізімге» жазылатынын айтты Президент.

Ермұрат Бәпи, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Елдегі бюджет тапшылығы, қазынадағы қаржының тапшылығы айналып келгенде міндетті түрде активтерге соғуы керек. Өйткені біздің бюджетті, әсіресе, әлеуметтік саланы қаржыландырудың бір көзі осы – активтерді елге қайтару мәселесі.

Президент Қазақстан халқына Жолдауын жариялады 

Энергетика мен коммуналдық шаруашылық саласы сын көтермейтінін соңғы бірнеше жылыту маусымы көрсетті. Инфрақұрылым жаңғыруды қажет ететіні көптен айтылып жүр. Ол үшін біріншіден, ұзақ мерзімге арналған арзан несие керек. Екіншіден, нақты тариф саясаты бекуі қажет.

Мұқаш Ескендіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Соңғы жылдарда энергетика саласында көптеген проблемалар бар. Соны пайдаланып, соңғы екі жылда екі-үш есе тарифтер көбейіп кетті ғой. Мұның барлығы өнеркәсіп саласында істеп жатқан мекемелерге, кәсіпкерлерге өте қиын болып отыр. Сол жағын бір тиімдендіру керек.

АЭС құрылысына қатысты референдум 6 қазанда өтеді

Әлемде энергия тапшылығы үдеп барады. Қазақстанда да электрқуаты қат болып қалуы мүмкін. Экономиканың мол энергияға сұранысын атом энергетикасы қамтамасыз ете алады деді президент. Әрі бір жылдан бері талқыланып келе жатқан атом электр стансасын салуға қатысты референдумды қазанның алтысына белгіледі.

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бір реактор болатын болса, ол 2,5-3 мың мгв дейін береді. Ол тұрақты энергия. Кез келген инвестор күннің, желдің, ГЭС-тің энергиясына келмейді. «Маған тұрақты энергия керек» дейді. Өйткені зауытты тоқтата алмайды. Ол бір өнім береді. Белгіленген экспорттық келісімшарттар болады. Сол себепті әлемдік зауыттарды тарту үшін тұрақты энергия керек.

Данияр Қайыртай, тілші:

Басты мақсат – азаматтардың табысын арттыру. Жұмысты дұрыс үйлестіре білсек, бұл – қолдан келетін шаруа» деп сендірді Қ.Тоқаев. Әрі былтырдан бері экономиканы әртараптандыру тын серпін алғанын атап өтіп, шикізат өндірісінен гөрі өңдеу өнеркәсібінің өсімі жылдам жүріп жатқанын жеткізді. Ал инфляция баялап, 2,5 есе түсіпті.

Данияр Қайыртай

Хабарламаларға жазылу