Парижде өтіп жатқан Олимпиада ойындарында спортшыларымызға қазақстандықтар ғана емес кейбір француз отбасылары да жанкүйер болып жүр. Солардың бірі - Алла Мореил мен оның жанұясы. Ол атлеттеріміздің тілеуін тілеп қана қоймай, қазақтың мәдениетін, туристік аймақтарын да жан-жағындағыларға насихаттап жүр.
Алла осыдан 15 жыл бұрын Парижге оқуға келген. Білім алып жүріп, сүйгенін жолықтырып, осы қалада қалып қойғанын айтады. Алматы қаласының тумасы, елден жырақта жүрсе де Отанын ұмытпаған. Оған үйдің бұрыш-бұрышында тұрған киіз үй, киізден жасалған бұйымдар мен мына көк туымыз дәлел.
Алла Мореил, Париж қаласының тұрғыны:
Мен Алматыда туып өстім. Отанымды қатты сағынамын. Ата-анам сонда тұрады. Қазақстанға әр екі жыл сайын барып тұруға тырысамын. Шілде айының басында екі қызымды Алматыға ата-әжесіне жібердім. Оларға да Қазақстан қатты ұнайды.
Алланың күйеуі француз. Ол қазір біздің спортшылар тұрып жатқан Олимпиадалық қалашықтағы қауіпсіздік қызметінің бастығы болып жұмыс істейді. Ал Алланың өзі қаладағы ірі сауда орталықтарының бірінде басшылық қызметте. Ол ұжымына, әріптестеріне сондай-ақ көрші-қолаңға қазақ мәдениетін, көз тартар табиғаты мен туристік орындарын насихаттап, жарнамалап жүретінін айтады.
Алла Мореил, Париж қаласының тұрғыны:
Мен әріптестеріме, таныстарыма қай жақтан келгенімді үнемі айтып, Қазақстаннан әкелген шокаладтарымды сыйлап жүремін. Оларға біздің елдің мәдениеті, салт-дәстүрі қызық. Сондықтан болашақта барлығын Қазақстанға апарып, экскурсия ұйымдастыруды жоспарлап отырмын.
Алла Парижде өтіп жатқан Олимпиадада қазақстандық спортшыларға жанкүйер. Жұмыстан қолы босай қалса теледидар алдына жайғаса кетеді. Оның ендігі мақсаты - Парижде қазақтың салт-дәстүрінен сыр шертетін бұйымдар сататын шағын дүкен ашу.
Нұрсұлтан Тілектес