Париж олимпиадасының 7 күні. Бүгін 13 спорт түрінен жарыстар өтіп жатыр. Ұлттық құрама бокс, дзюдо, жеңіл атлетика, жүзу сынды сегіз түрінен бақ сынайды. Парижден тілшіміз Нұрсұлтан Тілектестен бізбен байланыста.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Жаңа ғана дзюдодан әйелдер арасында 78 келі салмақта сынға түскен Камила Берліқаш Моңғолиялық қарсыласына жеңіліп қалды. Күні кеше үміт артқан боксшыларымыз Айбек Оралбай мен Мұхаммедсабыр Базарбайұлы да жарыс жолынан шығып қалды. Қос былғары қолғап шеберіміздің бірі әзербайжандық, екіншісі грузия спортшысына есе жіберді. Бірақ төрешілер жекпе-жек кезінде әділетсіз баға берді. Ұлттық олимпиада комитеті де кейбір төрешілердің төрелігіне күмән келтіретінін айтып, шағым жазды. Қазір Парижде түскі мезгіл. Енді стендтік ату, академиялық ескек есу, жеңіл атлетика, жүзу, семсерлесу, батут гимнастикасынан жарыстар өтеді.Бүгін әйелдер және ерлер командаларының өкілдері жұдырықтасады. Сәкен Бибосынов өзбекстандық Хасонбой Думатовпен, ал Нұрбек Оралбай әзербайжандық боксшымен, Карина Ибрагимова Пуэрто-Рико өкілімен кездеседі. Дегенмен спортшыларымыздан үміттіміз. Ұлттық құрамаға жанкүйер болайық!