«Париж-2024»: Спорт нысандарында соңғы әзірлік шаралары жүріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Париж-2024»: Спорт нысандарында соңғы әзірлік шаралары жүріп жатыр

18.07.2024

Париж Олимпиадасының басталуына сегіз күн қалды. Дүбірлі дода қарсаңында сайыстар өтетін спорт нысандарында соңғы әзірлік шаралары жүріп жатыр. Әдетте Олимпиада ойындарын өткізетін елдер спорт орталықтарының құрылысына көп шығындалады. Алайда Париж мэриясы бұл ретте еш қиналған жоқ. Жаңадан бой көтерген жалғыз спорт кешені – Су спорты түрлерінің орталығы.

Бұл – Париждегі ЭКСПО орталықта орналасқан спорт алаңқайы. Мұнда Олимпида ойындары кезінде гандбол, ауыр атлетика, волейбол және үстел теннисі жарыстары өтеді.

Этьен Тобуа, «Париж-2024» ұйымдастыру комитетінің басшысы:

Порт-де-Версаль – ең маңызды спорт нысандарының бірі. Ғасырлық тарихы бар Париж ЭКСПО көрме кешенінің бір бөлігін алып жатыр. Мұнда олимпиадалық төрт жарыс түрінен және паралимпиадалық үш түрлі сайыс өткізіледі. Бас-аяғы бір миллиондай көрермен келеді деген болжам бар.

Орталықта үстел теннисі бойынша жарыстар шілденің 27-де басталады. Спорттың бұл түріне арналған керек-жарақтарды өндіру мен орнату қытайлық компанияға міндеттелген.

Лу Шихе, үстел теннисіне арналған керек-жарақтарды өндіруші компанияның бас менеджері:

Үстелдің бетін арнайы полимермен өңдедік. Соның арқасында ол мұз айдыны секілді теп-тегіс болып тұр. Бұл технология – осы саладағы жаңашылдықтардың бірі.

Ал скейтборд, үште-үш болып ойнайтын баскетбол, брейкинг, BMX-фристайл сияқты дала мен саябақта өтетін ойын түрлеріне арналған алаңқайды америкалық компания дайындап берген. Құрылысына сегіз ай уақыт жұмсалған. Париждегі Келісім алаңында орналасқан спорт нысанын оп-оңай бұзып, 2027 жылғы велоспорттан әлем чемпионаты сияқты жарыстарға қолданамыз, - дейді ұйымдастырушылар.

Пьер Рабадан, Париж мэрінің орынбасары:

Жастар сауық-сайран құрып, спортпен шұғылдана алатын мынадай нысанды әдейі Эйфель мұнарасының маңы, Сена өзенінің жағасы сияқты көрнекті орындарға орналастырдық. Қала қонақтары бір оқпен екі қоянды атады: спорт сайысын да, төрткүл дүниеге таныс орындарды да өз көзімен көріп үлгереді.

Париждегі дүбірлі дода өтетін спорт нысандарының 95 пайызы -- бұрыннан бар орталықтар. Жаңадан салынғаны тек – Су спорты түрлерінің орталығы. Олимпиада ойындарының көпшілігі 1998 жылғы футболдан әлем чемпионатына арнап бой көтерген «Стад де Франста» өтеді.

Қаракөз Тұрмағанбет


Хабарламаларға жазылу