Қазақстандық теннисші Әмір Омарханов жасөспірімдер арасында әлемде 15-орынға көтерілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық теннисші Әмір Омарханов жасөспірімдер арасында әлемде 15-орынға көтерілді

18.07.2024

Астанада теннистен «Президент кубогы» өтіп жатыр. Халықаралық жарысқа 25 елден 120 спортшы келген. Олардың қатарында биыл Лондонда өткен үшінші «Үлкен дулыға» жарысында ел намысын қорғап, сәтті ойын көрсеткен Әмір Омарханов та бар. Жыл басында «Juniors Austrеlian Open» турнирінің фавориттерін жеңіп, Халықаралық теннис қауымдастығынан жоғары баға алған спортшымыз тілшімізге эксклюзивті сұхбат беріп, болашақ жоспарымен бөлісті. Толығырақ Ақмаржан Ғафизқызының материалында

Ақмаржан Ғафизқызы, тілші:

Дәлдік пен шапшаңдық таразыға түскен тартысты додада аянып жатқан ешкім жоқ. Дайындық қызу. Қарсыластар да осал емес. Талай жарыста топ жарған небір мықты осында жүр. Әлемнің 16-ракеткасы атанған өзіміздің Әмір де солардың алдыңғы шебінде.

Әмір Омарханов 17 жаста. Ол тенниспен бес жасынан бастап айналысқан. Қарағандыдағы кішкентай корттан жаттығып бастаған жігіт, бүгінде әлемдегі беделді «Ролан Гаррос», «Уимблдон» турнирлері мен Аустралия ашық чемпионатында сәтті ойындар көрсетіп жүр. Ендігі мақсат - әлемдегі үздік теннисшінің қатарына кіру.

Әмір Омарханов, Жасөспірімдер арасындағы әлемнің 15-ракеткасы:

8-9 жасымда бұл спортты қатты ұнататынымды түсіндім. Сол уақыттан бері кәсіби тұрғыдан айналысуды қолға алып, алдыма нақты мақсаттар қоя бастадым. Бапкерелерім бұл тұрғыдан маған көп көмегін көрсетті. Оларға алғыс білдіремін. 5-10 жылдан кейін ересектер арасында топ жарып, үздіктердің қатарынан көрінгім келеді. Бұл ойды жүзеге асырып, Қазақстандықтарға жеңіс сыйлауға барымды саламын.

Әмір отбасында екі ағайынды. Ағасы да тенниспен айналысады. Балаларының бойынан ептілікті байқаған әкесі Ғабит қос ұлын спортқа берген.

Ғабит Омарханов, Әмірдің әкесі:

Әмір тенниске бала күнінен жақын болды. Өзім де бұл спортпен айналысқандықтан, ұлдарымды баулуды жөн көрдім. Қазір әр жеңісіне анасы екеуміз қуанып барынша қолдау береміз. Кәсіби спортшы ретінде елімізді халықаралық ареналарда танытса менің арманым болмас еді. Әмірдің мектеп бітіргеннен кейін спортпен қатар, жоғарғы білім алуынада көңіл бөліп отырмыз. Бұл өте маңызды.

Жас теннисші қазір Астанада өтіп жатқан Президент кубогы аясында ересектер арасындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Жаттықтырушылары оның соққысының мықты екенін айтады

Жансұлтан Чемботаев, теннис жаттықтырушысы:

Әмірмен үш жылдан бері үзбей жаттығып келеміз. Салқынқанды, жылдам әрі физикалық тұрғыдан мықты спортшы. Оның әр жарыстан кейінгі көрсеткіші жақсарып келеді. Ертеңгі жарысына дайындалып жатырмыз. Жеңеді деген болжамым бар.

Есенгүл Сатқанқұлова, Қарағанды қаласының тұрғыны:

Арнайы Қарағанды қаласынан келдік.Үлкен ұлымның кумирі Әмір Омарханов. Соның жолы берілсін бізгеде.

Әмір Омарханов күні кеше әлемдік рейтингте бір саты жоғары көтеріліп, 15-орынға тұрақтады. Алда US open турниріне қатысуға ниетті. Ол Президент кубогынан кейін Сербияға барып жаттығуын пысықтайды. Ал әзірге 25 елдің кіл мықты спортшылары қатысып жатқан халықаралық турнирде өнер көрсетеді

Ақмаржан Ғафизқызы


Хабарламаларға жазылу