Қостанай облысында баспанасы бүлінген тұрғындардан тағы 400 өтініш түскен
Қостанай облысының Амангелді ауданында су тасқыны кезінде 153 үй зақымданған. Бүгінде бұл нысандардың барлығына қатысты комиссия шешімі шығарылды. Зардап шеккендерді баспанамен қамту жұмысы жүріп жатыр. Алайда жаз ортасына таяғанда «Тасқыннан үйіме зақым келді» деп тағы 400-ден астам адам өтініш жазыпты.
Дәуренбек Әбідбек, тілші:
Амангелді кентінде тасықнның салдарынан жарамсыз күйге түскен үйлердің дені алпысыншы, жетпісінші жылдары саманнан салынған. Яғни су құлатпаса да әбден тозып, ескіріп тұрған еді. Бір жамандықтың бір жақсылығы бар екені рас. Енді осындағы 18 отбасы мынадай жаңа, заманауи үйлерге кіреді.
Тұрсынкүл Шәкіржанова 1961 жылы, іргетассыз, саманнан салынған ескі үйде тұратын. Жылда жамап-жасқап амалдаушы еді. Биылғы тасқын іргесін шайып, қабырғасын қақыратып кетті. Комиссия баспанасын апатты деп танып, жаңа үй салып беруге шешім шығарған.
Тұрсынкүл Шәкіржанова, Амангелді кентінің тұрғыны:
Шілде айының соңына таман кіресіңдер деді. Келіп қарап кетеміз. Ішіне көріп. Жақсы салынып жатыр.
Ал Үрпек ауылында тұратын Самал Ташмағанбетова үйіне тасқыннан зақым келгені жөніндегі өтінішті жуырда ғана берген. Бұл да алпысыншы жылдары салынған ескі баспана. Көктемде ағын су келмегенімен қар суының қоршауында қалыпты.
Самал Ташмағанбетова, Үрпек ауылының тұрғыны:
Есіктің алдын жылда су басады. Қардың суы ғой. Бірақ биыл өте көп болды. Есіктің алды көл дария болды.
Жаз ортасына таяғанда аудан бойынша Самал тәрізді 400-ден аса адамнан өтініш түскен. Енді ол үйлердің жәй-күйін, нақты неден зақым келгенін арнайы комиссия тексереді.
Малшыбай Қаласов, Амангелді ауданы әкімінің орынбасары:
Бірінші аудан бойынша жасақталған комиссия өтініштің қаншалықты растығын, тасқыннан зардап шеккен-шекпегендігін, жарамдылығын тексереді. Сосын Қостанайға жібереміз.
Ал нақты шешім шыққан 153 үйдің 68-ін жөндеуге қаржы берілді. 42 отбасына баспана сатып алынды. Сонымен қатар 16 тұрғынға Арқалық қаласынан және 27 тұрғынға аудан аумағынан жаңа үйлер салынып жатыр.
Дәуренбек Әбдібек
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
