Қостанайда бүгін утильалымға қатысты петиция қаралды. Оның талабын таразылау үшін құрылған жұмыс тобы алдымен жергілікті кәсіпорындарда болып, өндіріспен танысты. Өңірде қазір автомобиль, комбайн және трактор шығаратын үш зауыт жұмыс істеп тұр. Мұның сыртында «Камлит» және Киа зауыттарының құрылысы жүріп жатыр.
Қостанайдағы трактор жасау зауыты 2018 жылы ашылған. Бастапқыда мұнда тек дайын бөлшектер құрастырылатын. Алғашқы жылы 20 трактор ғана шығарылды. Жұмысшы саны 30-ға жетпейтін. Бүгінде 100 адам еңбек етеді, былтыр 1 500-ге жуық трактор құрастырылды. Өнімнің отандық үлесі де артып келеді.
Валентин Дашкеевич, зауыттың бас директоры:
Биылдан бастап кабиналарды ос жерде құрастырамыз. Дайын өнімдер еліміздегі өзге де трактор жасау зауыттарына жіберіледі. Келешекте пластик бөлшектер жасау жоспарда бар.
Жалпы елімізде трактор құрастыратын 8 зауыт бар. Олар ішкі нарықтағы сұраныстың басым бөлігін өтеп отыр. Мысалы Қазақстанда жылына 6 мың трактор сатып алынса, соның 5 мың 500-і отандық өнім. Бұл өндіріс орындарында мыңдаған адам еңбек етіп, бюджетке млн-даған теңге салық төленеді. Ал егер утильалым алынса, бұл өндіріс тұралайды, - дейді жұмыс тобының өкілдері.
Әліби Сұлтан, Қазақстанның өндірістік инвесторлары одағының вице-президенті:
Утильалымды алып тастаса, шетелден көліктің барлық түрі келеді де, мынаның бәрін жабамыз. Сосын осында жұмыс істеп жатқан қазақтың жігіттерін үйіне жібереміз. Одан кім ұтылады? Тек қазақ қана ұтылады.
Есесіне шетелден көлік таситын алыпсатарлардың қалтасы қалыңдап, пайдаға кенеледі. Елде ескі-құсқы көлік қаптайды. Экологияға нұқсан келеді. Ал қазір утильалымның қаржысы тек қоршаған ортаны ластанудан қорғауға жұмсалады, - дейді мамандар.
Жомарт Әлиев, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі:
Қазақстанның экология кодексінің 388 бабында бұл қаржы жұмсалуы тиіс 14 бағыт нақты көрсетілген. Оның бәрі қоршаған ортаны жақсартуды көздейді. Қазір осы бағыттағы 94 жобаның 22-сі мақұлданды. Жуырда қаржыландырыла бастайды.
Жұмыс тобы машина жасау зауытына да барды. Кәсіпорын былтыр 90 мыңнан аса автокөлік шығарды. Биылғы меже – олардың санын 110 мыңға жеткізу. Ал ауыл шаруашылығы техникасын құрастыратын кәсіпорын бір жылда мың комбайн, үш мың трактор, 300 сепкіш құрауға қауқарлы. Жұмыс тобы мұнан әрі утильалымға қатысты петицияны бірнеше тарап бас қосқан отырыста талқылады.
Дәуренбек Әбдібек