Енді, ауыл әкімдіктеріне тендер мәселесі жеңілдейді. Яғни, тауар алу немесе қызметке жүгіну үшін мемлекеттік сатып алуда байқау жариялау қажет емес. Бір көзден алу мүмкіндігі туады. Бұл шағын сатып алуды жедел жүзеге асыру үшін қолға алынуда. Сенаторлар мемлекеттік сатып алу туралы заңды мақұлдады. Құжат, сатып алу рәсімдерін одан әрі автоматтандыруға және жеңілдетуге, бірыңғай платформа құруға бағытталған. Палата отырысында сондай-ақ, бірқатар халықаралық келісім ратификацияланды. Аталған заңдар негізінен халықаралық жүк тасымалдау рәсімдерін оңайлатуды, транзиттік-көліктік әлеуетті және халықаралық сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасауды көздейді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Мемлекет басшысы өз Жолдауында сатып алудың мүлде жаңа жүйесін тапсырған болатын. Мемлекеттік сатып алулардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға, сондай-ақ, қоғамдық бақылауды күшейтуге арналған ережелер де бар. Отандық тауар өндірушілерді қолдау шаралары да назардан тыс қалған жоқ.
Самал Қабышева