Президент тасқынға қарсы күреске белсене қатысқан азаматтарды марапаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент тасқынға қарсы күреске белсене қатысқан азаматтарды марапаттады

19.06.2024

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тасқынға қарсы күреске белсене қатысқан азаматтарды марапаттады. Ақордада өткен салтанатты шарада 73 адам Алғыс хаттан бастап, «Ерен ерлігі үшін» медалі мен «Құрмет» орденін алды. Марапат алғандардың арасында еріктілер, әскерилер, полицейлер мен құтқарушылар және қаржылай қолдау көрсеткен кәсіпкерлер бар.

Мемлекет басшысы оларға ризашылығын білдіріп, бүгінгі марапатты халықтың алғысы деп түсіну қажет деді. Әрі биылғы тасқынды бұрын ешқашан болмаған ең жойқын табиғи апат екенін атап өтті. Еліміздің 10 аймағында төтенше жағдай жарияланып, 19 мыңнан астам тұрғын үйді су басқаны белгілі. Алайда жұрт болып жұмылып, тасқынды бірліктің арқасында жеңдік, деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Расында өте ауыр сынақтан өттік. Дегенмен әр нәрсенің қайыры бар. Сын сағатт еліміз ырысты ынтымағын танытты. Біз табиғи апат кезінде жұрт болып жұмылдық. Бір тұтас ел екенімізді көрсеттік. Құтқарушылар, әскерилер, полицейлер мен әкімдік те тәулік бойы жұмыс істеді.

Сондай-ақ, шара барысында Мемлекет басшысы Киевте Қазақстан журналисіне жасалған қастандық әрекетке қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, дипломатиялық арналар мен құқық қорғау органдары арқылы осы оқыс оқиға бойынша Украина тарапына ресми сұратулар жіберу туралы нақты тапсырма берілген. Әрі қажет болған жағдайда Қазақстанның ресми органдары істің ақиқатына жетуге жәрдем беру үшін тергеу жұмысына қатысуға дайын екенін айтқым келеді, – деді Президент.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу