Қостанай облысында тұрғындар қираған көпір арқылы қатынауға мәжбүр
Қостанай облысында тасқын кезінде 50 жол учаскесін су шайып кетті. Соның басым бөлігі жөнделді. Алайда, құрылысы кешеуілдеп жатқандары бар. Мәселен, Меңдіқара ауданының Молодежный ауылында тасқын су бұзып кеткен көпір екі ай өтсе де әлі жөнделмей жатыр. Ал, тұрғындар болса, қос қапталы опырылған көпірдің үстімен өтуге мәжбүр.
Дәуренбек Әбдібек, тілші:Бұл - Молодежный ауылынан Қостанайға баратын көпір. Тасқын су екі жағындағы құм үйіндісін су шайып кеткесін осындай күйге түскен. Қазір тұрғындар мына тақтай төсеніштің үстімен өтеді. Мұның өзі кейін орнатылған. Бұған дейін олар мына сатымен төмен түсіп жиекті жағалап шығып жүріпті.
Мына бейнекөріністі ауыл тұрғындары өздері түсірген. Олар әкімдік өкілдерінің әрекетсіздігі ашындырғанын айтады. Айтуларынша «Жұртшылық ағаш сатыға еріккеннен өрмелеп жүрген жоқ».
Ерлан Айсағалиев, ауыл тұрғыны:Осы ауылдың баласынан бастап 40-50 адам арғы бетке бақшалыққа жұмысқа барады. Бәрі мынадан өтіп жатыр. Бұдан құласа кім жауап береді? Ал оларға жұмысқа барма дей алмайсың. Бәріне ақша керек.
Көпірдің бұзылуы қатынасты да қиындатқан. Тура жүргенде 80 шақырымға жетпейтін облыс орталығына қазір 100 шақырымнан асатын айналма жолмен барады. Ауыл әкімі көпір маңында қауіпсіздікті сақтауға да қауқарсыз.
Ержан Бекешев, Алешин ауылдық округінің әкімі:Адамдарды біз тоқтата алмаймыз. 30 шақырым жерден қауіпсіз өткел салынды. Көпірге кіреберіске жол жоқ деген белгі қойылды. Бірақ оған ешкім қарап жатқан жоқ.
Мамандар жөндеу жұмысының кешеуілдеуі заң талаптарын орындауға тіреледі дейді. Қауіпсіздікке көз жеткізу үшін алдымен көпірге техникалық тексеріс жүргізілген. Оның қорытындысы 16 мамырда дайын болыпты. Іле көпір мен осы бөліктегі бұзылған 800 метр жолды қалпына келтіруге 80 млн теңге бөлінген. Мұнан кейін жұмысты атқаруы тиіс мердігермен келісім шарт жасағанша мамыр бітіпті.
Николай Гулаков, аудандық ТКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы:Қазір жұмысты бастадық. Алдымен көпірдің екі жағын көмеміз. Сосын айналма жол салып, көтерме жолды жөндейміз. Жұмыс екі айда аяқталады.
Алайда түсіру тобы барғанда бөлім басшысы айтқандай басталып жатқан жұмыс байқалмады. Жол жиегінде қалқиып жалғыз техника тұр. Жалпы тасқын кезінде облыс бойынша 15 бағыттағы 50 жол учаскесін су шайған. Соның төрт учаскесі әлі жабық. Су кетпей, жер кеппей қалпына келтіру жұмыстарын толыққанды жүргізуге мүмкіндік бермей тұр.
Дәуренбек Әбдібек
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
