Қостанай облысындағы Қарасу ауданында су құрғамай, жолдар жөнделмей жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Қостанай облысындағы Қарасу ауданында су құрғамай, жолдар жөнделмей жатыр

Қостанай облысындағы Қарасу ауданында су құрғамай, жолдар жөнделмей жатыр

Қостанай облысындағы Қарасу ауданында тасқын кезінде 96 үйге су кірген. Оның 14-ті қалпына келтіруге жарамсыз. Бірнеше бағыттағы жолдар да бұзылды. Алайда суы әлі кеппегендіктен оларды жөндеу әзірге мүмкін болмай тұр. 

Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Менің ту сыртымдағы шет-шегі көрінбей жатқан, Қарасу ауданына қарасты Жұмағұл ауылының іргесіндегі Қойбағар көлі. 7 сәуір күні оның деңгейі күрт көтеріліп су ауылға кіріп кеткен. Содан бері екі айға жуық уақыт өтті. Су әлі кеппей тұр, үйлерден кетпей тұр.

Жұмағұлда 13 үй бар. Соның жетеуіне су кірген. Бесеуі қалпына келтіруге жарамсыз. Валентина Крылованың ауласын су басқанымен үйіне кірмеген. Бірақ екі ай бойы ылғалдың кеппеуінен іргетасы үгітіліп жатыр.

Валентина Крылова, Жұмағұл ауылының тұрғыны:
Комиссия бірнеше рет келді. Бірақ үйге су кірмегендіктен өтемақы берімейтін болды. Ішіне кірмегенмен судың ылғалы үйді зақымдап жатыр. Әрі қарай мұнда тұра аламыз ба білмеймін.

Жұмағұлдың жолын да су шайып, бүлдірген. Бұдан әрі қырық шақырымдай қашықтағы Қарамырзаның жолының да сиқы осы. Облыс орталығынан Қарасуға келетін трасса да жабық. Жолаушылар айналма жолмен қатынап жүр.

Вениамин Крылов, ауыл тұрғыны:
Су ағып жатса да қатынауға тура келеді. Әр сапардан соң көліктің бір бөлшегін айырбастаймыз. Су астында не жатқанын білмейсің. Талай көлік соғылып, бұзылды.

Аудан басшылары жолдың көп бөлігі әлі су астында жатқандықтан әзір жөндеу жұмыстарын жүргізу мүмкін емес дейді. Әйтеуір қатынасты қамтамасыз ету үшін уақытша өткелдер істелген. Қарасу ауданында барлығы бес ауылға су кірген. Тасқыннан зақымданған 96 үйдің 82-сі жөнделеді. Баспанасы қалпына келмейтін 14 отбасы аудан орталығына қоныстандырылады.

Қайрат Оспанов, Қарасу, ауданының әкімі:
Үйлерді алуға қатысты жұмыстар басталды. Қазір сатып-алу келісім шарттары жасалу үстінде. Әр үйдің құны 9 млн теңге шамасында болады. Қажетті құжаттарды дайындау, үйлерді рәсімдеу жағынан тұрғындарға құқықтық-заңдық көмек көрсетіледі.

Облыс бойынша тасқын зақымдаған 446 үй қалпына келтірілмейді және 866 үйге жөндеу қажет. Баспанасы қалпына келмейтіндерге 148 үй салып беру және 298 пәтер сатып алуға шешім қабылданған. Бүгінде 256 пәтер сатып алынды. 148 үйдің құрылысы басталып, 599 үй жөнделіп жатыр.

Дәуренбек Әбдібек 


Бөлісу