Таразда жалпы құны 100 млрд теңгеден асатын 10 инвестициялық жоба жарты жолдан тоқтады. Кәсіпкерлер бұған инвесторларға жағдай жасалмай отырғаны себеп дейді. Өйткені өңірде өндірістік жобаларға арнайы жер берілгенімен, инфрақұрылым игілігі мүлде жоқ.
Данияр Әлімқұл, тілші:Шаһар шенеуніктері инвесторлар үшін ат шаптырым жерлерді үлестірген. Алайда зауыттар салынуы тиіс аумақтарға жарық желісін жалғамай, тіршілік көзін тартпаған. Мәселен, мына 2 гектар аумаққа екі жыл бұрын тыңайтқыш зауыты салынуы тиіс еді. Алайда коммуналдық желілердің жоқтығынан жоба жарты жолда тоқтап тұр.
Айнұр Тастанова инфрақұрылым игілін көрмегендіктен шетелдік инвесторлар алдында ұятқа қалдық дейді. Ол өзбек кәсіпкерлерімен бірлесіп тыңайтқыш зауытының құрылысын бастаған. Жылына 9 мың тонна өнім өндіруді жоспарлапты. Қасында тігін фабрикасы да бар. Қос нысанның құрылысы 300 млн теңгеге жуық қаржыны құрайды. Жағдай жасалмағаннан бөлек, әкімдік «қызыл сызықтан берілді» деп жерінің жартысын қайтарып алған.
Айнұр Тастанова, инвестициялық компания өкілі:100 миллион теңгеге жуық қаржы салынды. Біз 2024 жылдың наурызында ашылуымыз керек еді. Бірақ инфрақұрылым жоқтығынан біздің жұмысымыз тоқтап тұр.
Кәсіпкер газды да өз қаржысына тартқан. Әкімдік 1 шақырым жердегі орталық құбырға қосылуға рұқсат береді. Алайда көгілдір отынды жеткізудегі қаражат қалтаға салмақ салғандықтан прокуратураға арызданған. Құзырлы орган 260 метр жерден көгілдір отын тартуға болатынын анықтаған.
Талғат Қожабек, қалалық прокуратураның аға прокуроры:7 миллион теңгеге қаражаттарын үнемдеді. Жер учаскелерінің проблемалын шешіп бердік, әкімдіктің 1 қызметкері жазаға тартылды.
Облыс әкімдігінің Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы 185 гектар аумақтағы «Тараз» индустриялды аймағына инфрақұрылым тартылмағанын растады. Ал құрылыс түбегейлі тоқтаған жоқ дейді. Әзірге 12 жобаның екеуі ғана аяқталған. Ал коммуналдық желілерді тарту үшін 8 млрд теңге қаржы қажет.
Садыр Тұрсынбеков, «Тараз» индустриалды аймағының бас инженері:Қазір бізде 7 компаниямыз бар. Олар да инфрақұрылымды күтіп отыр. Бүгінгі күнде құрылыс басқармасы тапсырыс беруші болып, бюджеттік өтінім республикаға дайындап жатыр. Осы жылдың аяғы немесе келесі жылға дейін шешілетін шығар деп отырмыз.
Бүгінде барлық зауыттың жобалық құжаттамасы 50% аяқталған. Кәсіпорындар екі жылда толық салынбақ. Айта кетейік, жобалар жүзеге асқан жағдайда 1200-ге жуық жұмыс орны ашылады деген жоспар бар.
Данияр Әлімқұл