Медицина қызметкерлерінің құқығын қорғайтын заң қабылданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Медицина қызметкерлерінің құқығын қорғайтын заң қабылданды

22.04.2024

Медицина мамандарына дөрекілік танытып, қызметіне кедергі жасамақ болғандар енді жауапқа тартылады. Президент тиісті заңға қол қойды. Құжат ақ халаттылардың мәртебесін көтеруге бағытталған. Дәрігерлер басы артық есеп беру ісінен де босатылады. Тағы қандай өзгеріс бар? Айя Мүтәлі тарқатады.

Оқиға осыдан 3 ай бұрын Қарағанды қаласында болды. «Аулада өтуге жол бермедің» деп бас салған ер адам алдымен жүргізушіні балағаттап, артынша оны соққыға жыққан. Медицина қызметкерінің миы шайқалып, қабырғасы мен мұрны сынып, ауруханадан бірақ шықты.

Төреғали Берікқалиұлы, жедел жәрдем жүргізушісі:

Әлі сот болып жатыр. Әрі қарай не болатынын мен білмеймін. Ешкімнің басына мұндай жағдай жазбасын. Медицина қызметкерлері тіпті қорқып қалған. Қазір мен білемін, кей адамдар жұмыстан шығып кетті, жұмыстарын ауыстырып кетті шынымен де...

Дәрігерлердің құқығы бұзылған жайттер бұған дейін Талғар, Шымкент және Петропавлда да тіркелді. Шучинск қаласында да жанармай құйып тұрған жедел жәрдем жүргізушісіне базбіреу шабуыл жасаған видеосы тарады. Енді медицицина мамандары кәсіби қызметінде заңмен қорғалады. Ақ халаттыларға дөрекілік танытқандар жазаланады. Президент тиісті заңға қол қойды.

Сапура Базарбекова, Ақмола облыстық Жедел медициналық жәрдем станциясының бөлімше меңгерушісі:

Біздің қызмет барысымызда әртүрлі жағдайлар болады. Біздің құқығымызды қолдайтын жаңа заң шығып жатыр. Ол біз үшін өте қуанышты жағдай.

Құжатта дәрігерлер басы артық есеп беру ісінен де босатылатыны қамтылған. Сонымен бірге, медицина қызметкерлерінің балаларын тұрғылықты жерінде мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау кезінде басымдық беріледі. Мамандығы бойынша әскери қызметін өтей алады немесе әскерге шақыртуды кейінге қалдыру құқығы беріледі. Бұдан бөлек, ауылдық елдімекендерге қоныс аударғандарға 8,5 млн теңге бір реттік ақшалай көмек беріледі.

Алмагүл Қауышева, ҚР ДСМ Ғылым және адами ресурстар департаментінің директоры:

Бұл аса тапшы мамандықты меңгерген дәрігерлерге қатысты. Қазір ауыл-аймаққа барғысы келетіндер аз екені жасырын емес. Мемлекет енді елдімекендерге 5 жыл жұмыс істеуге барғысы келетіндерге ең төменгі жалақының 100 еселенген мөлшерінде бірреттік ақшалай төлем жасайды.

Айя Мүтәлі, тілші:

Құжатқа сәйкес, медицина қызметкерлерінің қоғамдағы мәртебесін арттыру үшін енді «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы беріледі. Тиісті заң 6 айдан кейін күшіне енеді.

Айя Мүтәлі


Хабарламаларға жазылу