Алматы және Жетісу облыстарындағы су айдындарында балық аулауға тыйым салынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы және Жетісу облыстарындағы су айдындарында балық аулауға тыйым салынды

18.04.2024

Алматы және Жетісу облыстарындағы су айдындарында балық аулауға тыйым салынды. Өйткені су жәндігінің уылдырық шашу маусымы басталған. Осыған байланысты кәсіби және әуесқой балықшылар Таза су айдындары акциясына қатысып, Қапшағай су қоймасын балық аулау құралдарынан тазартты. 

Қапшағай су қоймасындағы бұл шараға қатысамын деп ниет білдіргендер қатары жылдан жылға көбейіп келеді. Бұл жолы айдынға 30-дан астам қайық пен 70-ке жуық адам шықты. Көлдің дәл осы тұсында балықтар уылдырық шашуға жиналады. Сондықтан браконьерлер көбіне ауды осы маңға құруға тырысады.

Владислав Зайкин, Алматы қаласының тұрғыны:

Менің балаларым маған әкем көрсеткен балық аулау рәсімін көрсін деген ниетпен үшінші жыл қатарынан осы акцияға қатысып келемін. Өкінішке орай браконьерлер балық уылдырық шашатын кезде ау құруға әуес. Олар бұл әрекетімен қаншама нұқсан келтіретінін ойламайды. Оларға керегі оңай ақша табу.

Жетісу және Алматы облысының су айдындарында оңай ақша тапқысы келетіндерге қатысты жыл басынан 80-нен астам заңбұзушылық тіркелді. 77 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 9 қылмыстық іс қозғалды.

Ринат Қумашев, Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары:

Аталған істер бойынша 1 млн 600 мың теңге шамасында әкімшілік айыппұл салынып, сонымен қатар балық ресурстарына залал келтіргені үшін 1 млн 900 мыңнан астам талап арыз берілді. Жыл басынан заңбұзушылардан 1 тоннаға жуық заңсыз ауланған балық мемлекет пайдасына тәркіленді.

Акция аясында ұзындығы 10 шақырымнан асатын балық аулау құралдары жиналды.

Қуаныш Қанатұлы, Тілші:

Қапшағай су қоймасында бұл жерде жыл бойына балық аулауға тыйым салынған. Бірақ браконьерлер өздерінің ауларын қалдырып кетеді. Міне қазір біз тағы бір ауды таптық. Бұл жерде міне әлі күнге дейін балық түсіп жатыр. Енді міне біз осы балықты қайтадан қайранға жібереміз.

Қапшағай су қоймасында балық аулауға 30 мамырға дейін тыйым салынса, Алакөл көлдер жүйесінде 16 маусымға дейін рұқсат жоқ.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу