Спортшылардың Олимпиада алдындағы дайындығы пысықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Спортшылардың Олимпиада алдындағы дайындығы пысықталды

09.04.2024

Биылғы Париж Олимпиадасына 90-ға жуық спортшымыз жолдама алады деген үміт бар. Олар 20 спорт түрі бойынша Қазақстан намысын қорғайтын болады. Осыған байланысты жуырда Олимпиадаға дайындық штабы құрылып, мамандар спортшыларымыздың дайындығын сынақтан өткізуге кірісті.

Мылтық пен тапаншадан оқ ату бойынша үш спортшымыз қазір тынымсыз шеберлігін шыңдауда. Константин Малиновский, Арина Артухова және Никита Чирюкин, үшеуі де Олимпиада алдындағы дайындықтарын күшейте түскен. Күніне 8 сағаттық жаттығу барысында мергендікпен қатар физикалық күш-қуаттың артуына да жете көңіл бөлуде.

Константин Малиновский, халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

Қазір негізінен мылтық атудың Олимипадалық стандартты үш түрі: түрегеп тұрып, отырып, жатып нысаны көздеу және пневматикалық қарудан оқу ату жаттығуларын жасаудамыз. Әрқайсысына жеке - жеке дайындық жүргіземіз. Бапкерлердің айтуымен кемшіліктерді түзетіп жатырмыз.

Ал көркем гимнастикадан еліміздің үздіктері саналатын Елжана Тәниева мен Айбота Ертайқызы Азия чемпионатына дайындық үстінде. Осы бәсекеде Қытай, Жапония және Қазақстан спортшылары Олимпиада жолдамасына таласады.

Әлия Жүсіпова, көркем гимнастикадан ұлттық құраманың бас бапкері:

Грецияда, Афины қаласында 1-2 элемент онша жақсы болған жоқ. Сондықтан кішкене ауыстырып, Софияға барғанда осы екі элементті көрейін деп тырысып жұмыс істеп жатырмыз.

Әзірге еліміздің 31 спортшысы Олимпиада лицензиясына ие. Шілде айына дейін Париж жолдамасын сарапқа салатын 40-тан астам жарыс өткелі отыр. Яғни мамандардың әлі 60-қа жуық спортшымыз Олимпиадаға баруға мүмкіндік алады деген жорамалы бар.

Елсияр Қанағатов, олимпиадаға дайындық штабының жетекшісі:

Сараптама жасап 50-ден астам спортшыны белгіледік, ондыққа, онбестікке кіреді деген Олимпиадада. Соларға ерекше көңіл бөлу мәселелерін, қаражат жағын, спорттық медицина жағынан көмекті қарастырайық деп шара жасап жатырмыз.

Штаб жетекшісі Шымкенттегі сапары кезінде таэквандо, ауыр атлетика бойынша да спортшылардың жаттығуына қатысып, дайындығын көрмек. Сондай-ақ Олимипиадаға әзірлік бойынша мамандардың қатысуымен жиын өткізеді.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу