Әлемге әділдік пен ашықтық қағидаттарына негізделген жаңа әрі көпжақты сауда жүйесі керек. Қаржы жүйесінде тек таңдаулылар ғана пайдаға кенелмей, барлық елге тең мүмкіндік берілуі тиіс. Қытайда өтіп жатқан Боао Азия форумында Президент осындай мәлімдеме жасады. Мемлекет басшысы әділетсіз сауда кедергілерін жойып, цифрландыру арқылы ашықтыққа ұмтылуға үндеді. Сонымен қатар сары құрлық елдерін көлік-транзит желісін дамытуға шақырды. Алпыстан аса елдің өкілі қатысып жатқан Хайнань аралындағы форумнан әріптесім Шерхан Жамбылұлы жалғайды
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Боао. Қытайдың ең түстігіндегі Хайнань аралында орналасқан шағын елдімекен. Теңіздің тұнық суы мен тұмса табиғаты және шуақты күн райымен танымал курортты аймақ. Туристер ағылатын аралға бұл күндері саясаткерлер жиналып, жахандық мәселелерді талқыға салып жатыр.
Боао Азия форумы – бұл шығыстың Давосы. Азия аймағының ақылдасатын алаңына айналған. 29 ел мүше. 2001 жылы құжаты бекіп, биыл 23-ші рет сары құрлықтың көшбасшыларын шақырып отыр. Форумдағы басты мейманның бірі - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Биылғы басқосудың ұраны «Азия және әлем: ортақ сын-қатерлер, ортақ жауапкершілік». Ал басымдық жасыл технологияға беріліп отыр. Тіпті, жиын өтіп жатқан ғимараттар толықтай күн мен желден қуат алады. Қатысушылар да оған үлес қосып жатыр.
Жиынға жер жүзінен 5 мыңнан аса адам арнайы келген. Ел басшылары, халықаралық ұйым төрағалары, ірі компания иелері мен сарапшылар. Мыңнан аса журналист ақпарат таратып жатыр.
Президент алғашқылардың бірі болып мінберге шықты. Өз сөзін әлемдік экономикадағы негізгі түйіткілден бастады. Алып елдер арасындағы сауда текетірестері жахан экономикасын тежеп тұр. Ортақ мәміле, жаңа жүйе керектігін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Осы онжылдықтың ортасына қарай жаһандық жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны соңғы 30 жылда ең төменгі деңгейге түсетіні айқындала бастады. Протекционизм саясаты мен сауда дауларының ушығуы жаһандық жеткізу тізбегін бұзып, экономикалық өсімді тежейді, сондай-ақ инвесторлардың сеніміне селкеу түсіреді. Жаһандық экономикаға дамудың жаңа парадигмасы керек екені анық.
Ал, Азия алға шығу үшін бірлескен әрекет керек дейді Қытай тарапы.
Чжао Лэцзи, Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы тұрақты комитетінің төрағасы:
Жахандық дамудың жаңа кезеңінде біз әріптестік қарым-қатынас байланысын дамытуымыз қажет. Индустриялды революцияның жаңа тетіктеріне қол жеткізіп, экономикалық өсімге қарқын беру үшін күш біріктірген жөн.
Иә, қазір азия елдерінің қарқыны қатты. Дүниежүзілік сауданың 53 пайызы сары құрлыққа тиесілі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әлемдегі ірі 30 қаланың 21-і Азия құрлығында орналасқан. 2030 жылға қарай орта таптың тұтыну көлемінің өсімі 30 триллион доллар болмақ. Болжам бойынша оның 1 триллион доллары ғана батыс экономикасына тиесілі. Осы факторлардың барлығы мұның «Азия ренессансы» екенін көрсетеді.
Әрине, құрлықтағы қуатты ел - Қытай. Қазақстан шығыстағы көршімен сенімді серіктестік орнатқан. Жүк тасымалы 22 пайызға артып, 30 миллион тоннаға жетті. Қазақстан шығыс пен батыс арасындағы негізгі көпір.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қытайдан Еуропаға құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 80 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Бұл маңызды артықшылықты біз толыққанды пайдалануға тиіспіз.
Қос елдің алыс-берісі былтыр 41 миллиард АҚШ долларынан асты. Бұны еселей түсуге әлі де мүмкіндік көп дейді сарапшы.
Жанұзақ Әкім, экономист:
Жайылмдағы қой еті, ірі қара еті болсын олар бізден өте жақсы алады. Себебі экологиялық тұрғыдан біздің ет өте таза. Бидайда ол елде сұраныс өте көп. 30 млн тоннаға дейін ала алады. Бізге мұна-химия заттарын да сатуымыз керек. Ал ол елден бізге жаңа технологиялар керек.
Мемлекет басшысы әлем жұртын толғандырып отырған тағы бір маңызды мәселе азық-түлік тапшылығына көптің назарын аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Дүниежүзі тұрғындарының шамамен үштен бір бөлігі әлі де азық-түлік тапшылығын сезініп отыр. Орталық Азияда бидай өндіру бойынша жетекші ел саналатын Қазақстан өзінің ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетін жаһандық азық-түлік тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін пайдалануға ниетті.
Сарапшылар жер жүзі «үлкен ауылға» айналып бара жатқанын айтады. Өйткені, жаһандану жедел жүріп жатыр. Сауда-саттық, ғылыми-техникалық, саяси-мәдени байланыс тығыз. Әлем елдері бір-біріне тәуелді. Сын-қатерлерге бірлесіп қана төтеп беруге болады. Президенттің бұрынғы әріптесі Пан Ги Мун жахандық жылынуды баяулату үшін жұдырықтай жұмылу керек дейді.
Пан Ги Мун, БАФ директорлар кеңесінің төрағасы:
2023 жыл ең ыстық жыл болды. Бұл климаттық дағдарыстың қаншалықты жылдам болғанын көрсетеді. Қатты отыннан бас тартуға қатысты тарихи шешімге қол жеткізілді. 2030 жылға қарай елдер баламалы энергия үлесін арттыруға және энергия тиімділігін екі есеге көбейтуге міндетті. Бұл жақсы жаңалық, бірақ әлі де жеткіліксіз. Бізге климаттың өзгеруімен күресу үшін батыл әрекет қажет.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Жахандық экономиканың даму қарқыны жаңа технологиялар арқылы болмақ. Әсіресе жасанды интеллект. Президент инновациялық IT-жобаларды жүзеге асыру үшін Қазақстан Азияның алпауыттарымен бірлесуге әзір екенін айтты. Ал сөз соңында жиын қатысушыларын маусымда өтетін Астана экономикалық форумына шақырды.