Алматының құрылысына қарай «Құрылыс кодексін» өзгерту керек – сәулетшілер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматының құрылысына қарай «Құрылыс кодексін» өзгерту керек – сәулетшілер

12.03.2024

«Құрылыс кодексіне» өзгерісті, ең алдымен Алматының құрылысына қарай түзеу керек. Сәулетшілер мен құрылыс сарапшылары осылай деп мәселені бүгін өзара ортаға салды. Олар бірауыздан қаланың жер бедеріне қарай бірнеше аумаққа бөле отырып, нақты жоспар құру қажет екенін алға тартты. Мәселен, сейсмикалық ахуалға байланысты көпқабатты нысандарды салу жағы қайта қаралу керек деп есептейді. Өйткені, осы уақытқа дейін бей-берекет салынған көпқабатты нысандар көп. Сондықтан, 10 балдық дүмпу болуы мүмкін аудандардағы ғимараттарды арнайы комиссия түгел тексеріп шығуы шарт деп отыр. Сондай-ақ, кодексте көліктік, әлеуметтік, инженерлік құрылымды жобалаудың барлық қағидаты, тарихи мұра, экологиялық қауіпсіздікті сақтау ұсыныстары да енгізілуі тиіс. Сондықтан да сарапшылар, депутаттар қарап жатқан «Құрылыс кодексін» қайта жетілдіру қажет деп отыр.

Надежда Текенова, сәулетші:

Біз Германия, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Беларусь елдерінің тәжірибесіне үңілдік. Бірінші қала құрылысы жобасы жасақталуы керек. Содан соң жалпы құрылыс кодексіне назар аударуымыз керек. Себебі, қала құрылыс жобасы халықтың тұрмыс тіршілігіне жауапты құжат десек болады.

Жанат Айтілеу, «Алматы бас жоспар» ҒЗИ бөлім жетекшісі:

Құрылысты бақылау, қадағалау мәселелері кіруі керек. Жаңадан неше түрлі ұсыныстар болуы мүмкін. Құрылысты бақылауға бұрын мемлекеттік басқарма қарайтын болатын, құзіреті алынып тасталды. Ол тек ғана төрт мекемеге байланысты. Қайтадан мемлекеттік бақылау басқармасына құзірет беру туралы ұсыныстар болады. 


Айдана Қуантхан

Хабарламаларға жазылу