Абай облысында балалар баратын тегін үйірме саны артып келеді. Әсіресе ауылды жерлерде жасөспірімдерді шығармашылық жағынан дамытуға мән берілген. Мәселен, Көкпекті ауылында өңірдегі ең үздік балалар шығармашылық сарайы жұмыс істейді. Аз ғана уақыт ішінде ондағы балғындар түрлі өнерді меңгеріп, беделді байқауларда үздік нәтиже көрсетіп келеді.
Көкпекті ауылындағы балалар шығармашылық сарайы үш жыл бұрын ашылған. Орталықта 300-ден астам бала 35 түрлі үйірмеге тегін қатысады. Әсіресе ұлттық өнерді жаңғыртуға мән берілген. Спорт, музыка мен қолөнердің түр-түрін меңгереді.
Еркежан Тұрарбекова, оқушы:
Тігінге, содан соң домбыраға қатысқым келеді. Мен шахматқа қатысамын және көркем сөзге қатысамын. Көркем сөзге 7 жастан бастап қатысып келемін.
Әйгерім Сапарова, Көкпекті ауылының тұрғыны:
Қызыма ұнайды, өзіме де ұнайды. Мүмкіндік өте көп негізі. Домбыра үйірмесіне, салфеджо үйірмесіне, басқа актерлік шеберлік үйірмелері бар. Неше түрлі үйірмелер бар. Соларға бергіміз келеді.
Үйірмелердің қатары жақында жетіген сыныбымен толықты. Балалар кезінде ұмыт болған ұлттық аспапта ойнауды меңгеріп жатыр. Аз уақыт ішінде ансамбль құрылып, байқауларда нәтиже көрсете бастаған.
Мәншүк Сейітқазы, жетіген үйірмесінің жетекшісі:
Былтыр Алматы қаласында өткен республикалық конкурстан екінші орын алып, лауреат атанды. Биыл екі оқушым Семей қаласында өткен облыстық байқаудан 1-ші жіне 2-ші орын алды.
Қазір Көкпекті ауданында мыңнан астам бала 59 түрлі үйірмеге тегін қатысады. Оның өзі аздық етіп отыр. Сондықтан жергілікті билік алда үйірме санын арттыруды көздейді.
Асқар Сүлейменов, оқушылар шығармашылық сарайының директоры:
Біздің мақсатымыз балалар мектептен тыс уақытта бос уақыттарын тиімді өткізу болады. Биыл енді оқу жылында робототехника үйірмесі ашылды. Ағылшын үйірмесі, шахмат спорт секциялары, панкратион спорт секциясы ашылды. Қазір келем деушілер көп. Есік ашық. Өйткені, бізде 59 үйірменің барлығы тегін.
Бүгінде Абай облысында қосымша білім беретін 24 ұйым бар. Оған қоса мектептерде тегін үйірмелер мен секциялар ұйымдастырылған. Нәтижесінде өңірде 84 мың балаға бос уақытында шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік жасалған.
Ержан Жақып