Димаш Құдайбергеннің Стамбұлда жеке концерті өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Димаш Құдайбергеннің Стамбұлда жеке концерті өтеді

26.02.2024

Димаш Құдайберген Түркияда болатын концерті қарсаңында Стамбұлда баспасөз мәслихатын өткізді. Тілшілерге берген сұхбатында әнші үш айдан соң өтетін концерті туралы бірқатар мағлұматтармен бөлісті. Сондай-ақ жаңа музыкалық бейнебаянын да таныстырды. Жақында ғана БҰҰ-ның бейбітшілік елшісі деген атағын алған Димаш алдағы жоспарлары туралы да айтты. Толығырақ Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлының материалында.

Димаштың 30 жасқа толған мерейтойына орай 24 мамыр күні Стамбұлда өтетін концерті бұрынғы концерттерден түбегейлі өзгеше болмақ. Димаштың айтуынша жаңа бағдарламада көрерменді таң қалдыратын ерекше форматтағы әндер болады. Сондай-ақ, түркиялық белгілі бір өнерпазбен қосылып ән шырқайды.

Димаш Құдайберген, әнші:

Түркиядағы концертке кімді шақыратынымды әзірге айтпай-ақ қояын, ол құпия болсын. Әзірге келіссөздер өз мәресіне жете қойған жоқ. Концертте міндетті түрде Түркияның белгілі бір әншісімен немесе өнер ұжымымен өнер көрсетіп, Қазақ елі мен Түркия халқының бір біріне деген достық қарым қатынасының үлкен айғағын сахнаға алып шығып көрсеткіміз келеді.

Сондай-ақ бұл жиында Димаштың жаңа клипі де таныстырылды. Музыкалық бейнебаянда әнші жаңа бағытта ән шырқап, жаңа образды сомдаған.

Ғалым Асылов, клиптің режиссері:

Бұл идеяны Димаштың өзі ұсынды. Ол алдымен әуенді тыңдатқанда маған бірден қатты ұнады. Осылайша екеуміз бірлесіп жаңа жобаны жетілдірдік. Димашты Дракуланың ролінде көрсету арқылы көрермендерді таң қалдырмақ болдық. Түсірілімдер Алматы қаласында өтті. Бағасын көрермен өзі береді.

Әдеттегідей бұл кездесуге әлемнің әр түкпірінен Димаштың жанкүйерлері де жиналды. Ал түркиялық тыңдармандардың қуанышында шек жоқ. Олар тіпті, Димаш үшін қазақша да үйреніп алған.

Айшенұр, Димаштың жанкүйері:

Димаштың арқасында үйрендім десем жақсы болады. Оның әндері арқылы үйрене бердім. Әлі де үйреніп жатырмын. Қазақ тілін. Маған өте қызықты. Біз өте қуаныштымыз, өте бақыттымыз. 24 мамырда Стамбулда концерті болады, біз барлық тыңдармандарды асыға күтеміз.

24 мамыр күні ұйымдастырылатын концерт Стамбұлдағы 40 мың адамдық Бешикташ стадионында өтеді. Бұл Димаштың Түркиядағы екінші кеші болмақ. Бұған дейін өнерпаз Анталия қаласында концерт берді.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу