Осы аптада Президент Қазан қаласына жұмыс сапарымен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Осы аптада Президент Қазан қаласына жұмыс сапарымен барды

25.02.2024

«Бізде мәңгілік одақтас және мәңгілік жау жоқ. Мәңгілік - ол біздің мүдделеріміз ғана. Біздің парыз- сол мүдделерді қорғау» деген қанатты сөздің авторы Ұлыбританияның екі рет премьер-министрі болған Генри Джон Темпл Палмерстон екенін еске сала кетейік. Осыны Черчиль айтты дейтіндер бар.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Татарстанның астанасы Қазан қаласына барып «Болашақтың ойындары» халықаралық турнирінің ашылу рәсіміне қатысты. «Фиджитал-концепцияға» негізделген турнирдің форматы физикалық белсенділікті, заманауи технология мен цифрлық ортаны ұштастырады», - деген ақпарат құралдарына таратылған хабарламада.

Бұл не турнир? Сонымен бірге Қазанға сапар әрине, тек турнирмен шектелген жоқ. Шерхан Жамбылұлы баяндайды. 

Қазан. Тек татар үшін емес тұтас түркі жұртына қастерлі қала. Тарихи шаһар жаһандық спорт жарыстарын қабылдап үйренген. Енді алғаш өтіп жатқан болашақ ойындарының астанасына айналды.

2000 қатысушы. 100-ден астам мемлекет. 21 жарыс түрі. Жаңа форматтағы сайыста адамдар ғана емес, роботтар да бақ сынап жатыр.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Фиджитал ойындар - бұл ерекше сайыс. Қатысушылар әуелі кибер әлемде өзара мықтыны анықтайды. Кейін онлайннан офлайнға көшеді. Баскетбол алаңы да ерекше. Арнайы лэд орнатылған. Ол әр ойыншының қадамын есептеп, көрсетіп отырады.

Спорт, тактика, стратегия, жылдамдық және технология. Жарыс бес бағытқа бөлінген. Қызықты бәсекелер қатарында дрондар жарысы, «counter strike» пен «war face» сынды компьютерлік ойындар бар.

Фиджитал хоккей жарысына «Кибер Барыс» командасы қатысты. Капитан Шыңғыс Әбіл үздік сұрмергендер қатарында.

Шыңғыс Әбіл, «Барыс» фиджитал хоккей қомандасының ойыншысы:

Әр баланың қолында телефон, әр баланың қолында плейстейшн. Бұл ойындар өседі деген ойдамын. Сондықтан ойнау керек, бірақ бостан-босқа ойнаудың да қажеті жоқ. Біздің жас хоккейшілер жақсы дайындалып жатыр. Және келесі 10 жылдықта біздің қазақтар мықты ойын көрсетеді деген ойдамын.

Жалпы Қазақстан атынан 13 жарыс түрі бойынша 48 спортшы келді. Олар басты жүлде 10 млн доллар үшін таласқа түсіп жатыр.

Қуанышбек Есекеев, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы:

Бұл – жаңа формат. Сол үшін біздің елде де қызығушылық жоғары. Мұндай сайысты белсенді дамытуды ұсынамыз. Қазір отандық ойыншылар стратегия, тактика, жылдамдық жағынан мықты. Дота 2, Контрстрайк сынды ойындарды атап өтуге болады.

Спорт додасымен қатар жоғары деңгейдегі кездесулер де өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз бәріміз Ресейде 17 наурызда өтетін президент сайлауын күтіп отырмыз. Түпкілікті нәтиженің ойдағыдай боларына күмәніміз жоқ. Өйткені Ресей сіздің беделді басшылығыңызбен таңқаларлық табысқа қол жеткізіп келеді. Шын мәнінде, сіз өз мәлімдемелеріңізбен, іс-әрекетіңізбен жаһандық күн тәртібін қалыптастырасыз. Бұл біздің ынтымақтастығымызға оң ықпалын тигізетіні сөзсіз.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:

Былтыр біздің делегацияның Қазақстанға сапары сәтті болды. Біз алдағы даму бағыттарын айқындадық. Әріптестерім маған энергетика, инвестиция және өңірлердегі жұмыстардың қазіргі уақытта қалай жүріп жатқанын баяндап тұрады.

Ресейдегі ең озық «Татнефть» мұнай компаниясымен бірлескен жобалар көбеймек. Қазанда Президент директоры Наиль Магановты қабылдады. Атырауда көлік шинасына қажет бутадиен өндірісі іске қосылады. Сонымен бірге татар компаниясы еліміздегі мұнай қорларын барлау және өндіру бойынша Қазмұнайгазбен ынтымақтастық орнатқан. Бұдан бөлек, «Татнефть» Қазақстандағы қатты пайдалы қазбалар кенін игеру ісіне атсалысып жатыр.

Ашылу салтанатына келген Қасым-Жомарт Тоқаевты татар тарапы күймен қарсы алды.

Салатанатты рәсім шынайы өмір мен виртуал әлемнің тоғысып жатқанын көрсеткендей.

Қасым-Жомарт Тоқаев стадионда сөз сөйлеп, келесі ойындарды елімізде өткізуді ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

 Бұл – бірегей ойын. Дүниежүзінде мұндай ойынның баламасы жоқ. Баршаңызға сәттілік тілеймін. Келесі ойынды Қазақстанда өткізейік.

Ерекше форматқа өзбек елі де қызықты.

Осылайша киберспорттың көкжиегі кеңейіп келеді. Алғашқы «Болашақтың ойындары» 3 наурыза дейін жалғасады.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу