Меркідегі 11 мыңнан астам тұрғыны бар қос ауыл теміржол көпіріне зәру - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Меркідегі 11 мыңнан астам тұрғыны бар қос ауыл теміржол көпіріне зәру

21.02.2024

Ауылдықтардың талабы – аспалы көпір. Жамбыл облысы, Меркі ауданындағы 11 мыңнан астам тұрғыны бар қос ауыл теміржол көпіріне зәру. Ойтал ауылы және Меркі бекетінің тұрғындары «өмірімізге қауіпті өткел үстімен өтуге мәжбүрміз» дейді. Бұқара әсіресе транзиттік вагондардың астымен өтетін мектеп оқушылары үшін алаңдайды. Данияр Әлімқұл тұрғындар талабын тыңдап қайтты.

ДАНИЯР ӘЛІМҚҰЛ, ТІЛШІ:

Көптің тілеуі – көпір . Бұқара бастарын бәйгеге тігіп, 4 жолақтың үстімен, тоқтаған пойыздың астымен жүрелеп өтуден жалыққан. Ал жүк пойыздарының жарты сағаттай тоқтап тұруы – асыққан елдің алтын уақытын алады.

Оқушылар осылай екі елді мекеннің ортасын бөлген шойын жолды кесіп өтеді. Жаяу жүргіншілерге арналған мына жалғыз жол үш мектеп пен емхананың арасын жалғайды. Аспалы көпір сұраған ауылдықтар мектепке ағылатын мыңнан астам оқушы үшін алаңдайды.

Желілік полиция қызметі ауыл айналасындағы темір жол төсемін кесіп өтетіндерге ай сайын оннан астам айыппұл жазады. Бірақ, тұрғындар көпір салынбай мәселе шешілмейді деп отыр.

ГҮЛМИРА ЖУАНЫШЕВА, №20 Т.РЫСҚҰЛОВ АТЫНДАҒЫ ОРТА МЕКТЕП МҰҒАЛІМІ:

Ал енді мен қазір келін боп түскеніме пәленбай жыл болды. Зейнет жасына 6-ақ жылым қалды. Міне әлі де көпір жоқ. Бұны қашанғы күте береміз.

Ал тұрғындарды титықтатқан темір жол Қырғызстанға қарайды. Транзиттік торап Бішкек пен Мәскеу арасын жалғайды. Тәулігіне 10-ға жуық пойыз өтеді. Көршінің шекарасынан шығатын шойын жол Түрксіб станциясына дейін 59 шақырымға созылған. Меркі әкімдігі көпір салу үшін Қырғыздармен келіссөз жүргізген. Әзірге жобалық құжаттамасын әзірлеп, мемлекеттік сараптамаға жіберіпті.

ЖОРАБЕК БАУБЕКОВ, МЕРКІ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Енді мен нақты айта алмай отырғаным: қашан сараптамадан оң қортынды аламыз? Оң қортынды алғаннан кейін жалпы мен өзім биыл мұны бітіру керек деген міндеттеме алып отырмын. Максималды түрде бәріне қазір тапсырма беріп жатырмыз. Мұны қолға алып халықтың игіліне беру қажет.

Сараптамадан кейін құрылыс қаржысы белгілі болмақ. Бірақ жерглікті атқімнерлер көпір құрлысын аудан бюджеті көтере алмайтынын ашып айтты. Сондықтан облысқа үміт артып отыр. Әлімқұл, Ғани Айдарқұл, «Қазақстан» ҰТА Жамбыл облысы

 
Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу