Өзбекстанда жылыжай иелері жылыту пештеріне арнайы сүзгі орнатуға міндеттелді. Талапты орындамағандар ірі көлемде айыппұл төлейді. Кәсіпкерлер мұндай құрылғының тым қымбат екенін айтып отыр. Енді оларға сүзгі сатып алу үшін банктерден несие беру жайы қарастырылып жатыр.
Ташкенттің маңындағы Бектемір ауданының тұрғындары қою қара түтін мен өткір иістен әбден зәрезап болған. Олардың шағымынан соң ауылға жақын орналасқан жылыжайды тексеруге арнайы мамандар барды. Анықталғандай, жылыту пештеріндегі сүзгі істен шыққан, ол аз болғандай жылыжай иесі отын ретінде көлік шиналарын жағыпты
Хуршид Пиров, экология және қоршаған ортаны қорғау министрлігінің инспекторы:
Көмірдің орнына резеңке қалдықтар мен өзге де зиянды түтін шығаратын заттарды жаққан бірнеше нысанның иесіне әкімшілік жаза қолданылады. Заманауи әрі сапалы пештер орнатқан жылыжайлар да бар, алайда олар көп емес.
Жылдар бойы жөндеу көрмеген жылыту пештері көп. Шиналарды отқа жағуды әдетке айналдырған кәсіпкерлер де аз емес. Жылыжайдың иесіне әкімшілік хаттама толтырылды. Атмосфераға қаншалықты зиян келгенін эко-зертхана анықтайды. Экология министрі болса жылыжайлар сүзгі орнатпайынша ауаның тазалығы туралы айтудың өзі артық дейді
Азиз Абдухакимов, Экология және қоршаған ортаны қорғау министрі:
Қаланың айналасына жасыл белдеу орнатамыз деп жоспарладық, бірақ ол әзірге мүмкін болмай тұр. Жылыту пештері мен қазандықтардан шығатын түтіннің салдарынан тыныс алу қиындап барады. AИ 80 маркалы бензинді тұтынуға тыйым салу жоспары бар, егер мұны жүзеге асырсақ ауа 40 пайызға тазарады.
Соңғы жылдары Өзбекстанда жылыжайлар саны 2,5 есеге өскен. Олардың 60 пайызы нысанды жылыту үшін көмір жағады. Қою түтіннен ауаға күкірт пен азот қосындысы көп мөлшерде тарайды. Жылыту пештеріне сүзгі орнату талабы жайлы кәсіпкерлер біледі, бірақ оның тым қымбат екенін айтады. Министрдің сөзінше, мәселені шешу үшін банктерден несие беру жайы қарастырылуы мүмкін
Базаркүл Отыншиева