Жыл басында 8,4 мың қазақстандық банкрот статусын алды. Жеке тұлғаларды сот шешімінсіз банкрот деп жариялауға мүмкіндік беретін заң былтыр наурызда қабылданған. Бұл белгілі бір шарттармен іске асатын рәсім.
Бірақ кейбір азамат қарызымды кешіріп беретін мүмкіндік деп жеңіл қарайтын сияқты. Былтыр 77 мың азамат өздерін банкрот деп жариялағысы келген. Олардың басым көбі «олай істей алмайсыз» деген жауап алған.
Қарағанды облысының бір тұрғыны 4,5 мың теңге қарызын алға тартып, өтініш жазған. Бұл азамат рас, көк тиынсыз қалып, қатты қиналып тұрған кісі ме, жоқ әлде «мүмкін кешіре салады» деп шолақ ойлайтын адам ба?
Биыл қарызы 3 мың теңгеге жетпейтін азамат өтініш тастаған. Жеке тұлғаның банкроттығы деген не? Бұл көмек пе, не көмек? Тіршіліктегі әбден шиленген проблемаларды шеше салатын механизм болмаса да, жеңілдететін бүкіл инструментті білген керек. Серік Жұмабектің материалы.
Серік Жұмабек, тілші:
Қазір кредит алу үшін банкке барудың қажеті жоқ. Телефонмен-ақ тындыра бересіз. Бірақ бір күнде бірнеше несие рәсімдей алмайсыз. 21 жасқа дейінгі азаматтарға кредит берілмейді. Соған қарамастан елімізде қарыздың қамытын кигендер азаймай тұр. Тіпті, соңғы бір жылда тұтынушылық кредиттер 30 пайызға көбейіп, 9,5 трлн теңгеге жеткен. Оның ішінде 3 айдан артық төленбеген қарыздар 1,3 трлн, ал 50 мың теңгеге дейінгі берешек 140 млрд-тан асып кеткен.
Ләззат Жанмолдаева, экономист:
Сыртқы, ішкі жағдайларға байланысты инфляция өсіп жатыр ғой. Осы инфляцияның өсуіне елдің табыс көзінің өсуі ілесе алмай жатыр. Сондықтан халық несиеге байлаулы.
Спабек Садықов, ҚР ЕХӘҚМ Халықты жұмыспен қамту департаментінің бас сарапшысы:
Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сәйкес елімізде 451 мыңнан астам жұмыссыз азамат бар. Біздің электронды еңбек биржасы enbek.kz сайтына 169 мың азамат жұмыссыз ретінде бізге тіркеулі тұр. 2023 жылдың қортындысы бойынша елімізде 114 мыңнан астам отбасыға немесе 600 мыңнан астам азаматқа атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған.
Қазір ел тұрғындарының шамамен 5,1 пайызының табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейді. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, қарыз құрсауынан құтқару мақсатында былтыр жеке тұлғалардың соттан тыс банкроттығы туралы заң қабылданған. «Үкімет бұл заңды амалдың жоқтығынан, мәжбүрлі түрде қабылдады»,- дейді сарапшылар.
Мақсат Халық, экономист:
Бізде жыл санап несиесін төлей алмай, қиын жағдайға қалып бара жатқан адамдардың қатары өсіп келеді. Бұл заң ең болмаса, сол қоғамдағы қиындықты шығарудың бір жолы. Қоғамдағы ашынуды шығарудың бір жолы. Егерде бұл заңды қабылдамаса, онда әлеуметтік шиеленіс одан әрі ұласып- ұласып, наразылықтарға алып келуі мүмкін.
Қазірге дейін өзін банкрот деп жариялағысы келген азаматтардан 82 мыңнан аса өтініш келіп түскен. Олардың арасында тек 9000 азаматтың 16 млрд- тан астам қарызы жойылып, банкрот деп танылған. Өтініштердің 80%-дан астамы талапқа сай келмей, кері қайтарылған.
Меруерт Сисембаева, ҚР ҚМ МКК Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының басшысы:
1000-нан астам азамат бойынша рәсім тоқтатылған. Қазіргі күнде 2 мыңға жуық өтініштер қаралу үстінде және 4 мыңға жуық азамат бойынша рәсім жүргізіліп жатыр. 64 мың арыз бойынша уәкілетті орган соттан тыс банкроттық рәсімді қолданудан бас тартты. Сотты рәсімдерге келетін болсақ, бүгінгі күні 2 мыңнан астам өтініш келіп түсті соттарға. Ол сотты банкроттық және төлем қабілеттігін қалпына келтіру рәсімін қолдануға.
Бір қызығы 1 АЕК көлеміндегі қарыз үшін өзін банкрот деп жариялаған азаматтар да бар. Мысалы, 2978 теңге. Мамандар бұл ойланбай қабылданған шешім деп санайды. Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң Қазақстанда былтырдан бастап қолданысқа енгенін айттық. Ал әлем елдерінде бұл бұрыннан бар тәжірибе.
Мақсат Халық, экономист:
Әлем елдерінде бұл ұзақ жылдар бойы тәжірибесі бар деп айтуға негіз бар. Америкада, Еуропада, дамыған мемлекеттерде банкроттық туралы заң қолданылады.
Сапарбай Жобаев, экономист:
Ресейде бұл заң қабылданған кезде 2-3 жылда бар болғаны, Ресей үлкен мемлекет қой, 19000 адам ғана банкроттыққа өткен.
Банкроттықтың өзіндік салдары да бар. Мысалы, АҚШ- та банкрот деп танылған адамның қарызы жартылай ғана кешіріледі, өтінішті 8 жылда бір рет бере алады. Ал, Ұлыбританияда борышкер банкрот атанғаннан кейін заңгер, қаржыгер, жеке мүлік сату агенті және жеке кәсіпкер бола алмайды. Сондай- ақ, мемлекеттік қызметке де алынбайды. Австралияда банкрот болған азаматтың мүлкі қарыз берген банктің қолына өтсе, Жапонияда борышкерлердің құқық және қаржы саласында жұмыс істеуіне шектеу қойылған.
Серік Жұмабек, тілші:
Біздің елдегі банкроттықтың салдары сәл басқаша. Борышкер 5 жыл бойы несие ала алмайды. Екінші мәрте банкрот болғысы келсе 7 жыл күтуі керек. 3 жылға дейін шетелге шықпайсыз, қаржылық жағдайыңыз 36 ай бақылауда болады.
Осындай шектеулердің болатынын біле тұра банкрот деп танылғандардың бірі Аягөз Нұркенова. Белгілі бір себептермен 5-6 жыл бойы несиесін төлей алмаған. Бір ай бұрын ғана 500 мыңнан астам берешегінің жойылғаны туралы хабарлама келіпті.
Аягөз Нұркенова, қала тұрғыны:
Шынын айтсам, неше жыл болды пенсионный фондта да ақша сала алмай жүрмін. Өйткені, бүкіл шотым бұғаттаулы тұр. Банкроттыққа сол үшін де бердім. Үкіметтің жұмысына шығайын, зейнетақыға ақша жинайын деп. Өйткені, қайда кірсем де, шотым жабық.
Қазір елімізде 1 млн-нан астам азаматтың қаржылық ұйымдарға қарызы бар. Бір қызығы банкрот болған азаматтардың шығыны бюджеттен емес банктер мен несиелік ұйымдар есебінен төленіп жатыр.
Сапарбай Жобаев, экономист:
Банкроттықтың бір қызық жері қайтарылмайтын ақша сол қаржы ұйымының мойнына түседі. Басқа ешкім төлемейді, бюджеттен төленбейді алдыңғыдай. Сондықтан қаржы ұйымдары әрине бұған қарсы шықты.
Талап бойынша жеке тұлға банкрот деп танылуы үшін қарызы соңғы бір жылда төленбеген болуы шарт. «Ал, қаржылық ұйымдар артық шығынға батпас үшін борышкер несиесінің белгілі бір мөлшерін өздері төлеп қоятын көрінеді. Осылайша, қарыз алушы төлем қабілетіне ие болып шыға келеді де банкрот деп таныла алмайды»,- дейді мамандар.
Сапарбай Жобаев, экономист:
Банктер өзінің көрсеткішін жақсарту үшін әсіресе мынау заңды тұлғалардан, берген несиемді қайтармаса да ол уақытылы қайтарып жатыр деп есеп беріп жібере береді. Мәселен, 100 несие беріп соның 30-40 қайтарылмаса 90 күнде, ол банкті жауып қоюы мүмкін.
Мақсат Халық, экономист:
Егер де азаматтар көп банкрот болып, көп азаматтар алған несиесін қайтармайтын болса, екінші деңгейлі банктер үшін, негізінен қарызды беретін нақты субьектілер үшін сол қарызын қайтарып ала алмау салдарына алып келеді. Егерде олар келіп тұрған тыбысынан айырылатын болса, онда оның әлеуметтік тағы да салдары бар. Яғни, ол банкрот болуы мүмкін. Біраз азаматтар жұмыссыз қалуы мүмкін.
Ол аздай кәсіпкерлердің өзі табысы мен мүлкін жасырып көрсетуге көшкен. Тіпті, Астана тұрғыны қасақана банкроттық жасағаны үшін сотталыпты. Ол өз иелігіндегі кәсіпорынды және 18 көлікті жақын туысына тіркеп, шығынды банкроттықпен жаппақ болған. Мамандар мұндай әрекетке бармауға шақырады. Заң бойынша адамды банкрот деп тану үшін 6 ай уақыт керек. Осы уақыт аралығында уәкілетті орган 2 мәрте қаржылық тексеріс жүргізеді. Жылжымайтын мүлік пен көлік, жинақталған ақша қорыңыз болмауы шарт.
Сапарбай Жобаев, экономист:
Бізде қазір электрондық жүйе өте қатаң ғой. Сенің дүниең бар екенін, сенің жұмыс істегеніңді, сенің басқа жерден табыс тауып отырғаныңды бәрі көрініп тұр. Оны жасыру қазір өте қиын.
Ал, түптеп келгенде банкрот деп жариялаудың түп мақсаты – азаматты тығырықтан шығару, әрі қарай әрекетке көшуіне септесу.
Меруерт Сисембаева, ҚР ҚМ МКК Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының басшысы:
Қазіргі банкрот дегеніміз не? Ол есепшоты бұғатталған, бірнеше жыл бойы ресми түрде жұмыс істей алмай жатқан азаматтар ғой. Мұндай азаматтарға жаңа бір экономикалық бастама алу мүмкіндігі бар және де ресми түрде жұмысқа орналасып, өзінің табысына рақымшылық жасау.
Сапарбай Жобаев, экономист:
Банкроттық туралы заң бойынша несие кешірілетін болса, бұл хылықты масылдыққа алып келмейді. Қайта халықтың қаржылық сауатын арттырады. Себебі, ол банкрот болғаннан кейін оның шекесіне жазылып қояды сен банкротсың деп.
Банкрот деп жариялаған соң рас, адамдар әрекетке көшкен. Бірі қарызынан құтылып жаңа жұмысқа тұрса, енді бірі кәсіп бастауға кіріскен. Ал, Аягөз Нұркенова орынсыз кредит алу әдетінен арылатын болдым деп қуанады.
Аягөз Нұркенова, қала тұрғыны:
Несием болмайды, өзіммен-өзім тыныш өмір сүремін. Әйтпесе бұрын «сені іздеп жатыр, кредитіңді неге төлемейсің» деп хабарласатын. Бір жағынан ол да қиын, туыс-туғандарың ренжіп хабарласып тұрса. Бір жағынан өзіме де жақсы болды. Маған енді кредит те керек емес.
Серік Жұмабек, тілші:
Сарапшылар, егер қарыз сомасы аз болса банкротқа ұшырағаннан гөрі несие берушімен келісіп, берешекті бөліп төлеген әлдеқайда тиімді деп санайды. Себебі, банкроттық іскерлік беделіңіз бен несие тарихыңызға нұқсан келтіреді. Алдағы уақытта жауаптылар мектептерде қаржылық сауаттылықтың үйретілетінін де айтып отыр. Бірақ осы әңгіменің шыққанына да көп болды. Өкіртіп несие ала беру әдетінен арылудың өте қиын екенін білгендіктен бе, жоқ әлде қиналғаннан алатындардың аз еместігін түсінгендікпен бе, қаржылық сауат ашу ұрандары орындалар емес.
Серік Жұмабек