Бір айдан соң азаматтар банкроттыққа өтініш бере алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бір айдан соң азаматтар банкроттыққа өтініш бере алады

30.01.2023

Енді бір айдан соң азаматтар банкроттыққа өтініш бере алады. 3-ші наурыздан бастап «Банкроттық туралы» заң күшіне енеді. Борышкерді банкрот деп жариялаудың үш түрлі жолы бар. Соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкрот деп тану және азаматтың төлем қабілетін қалпына келтіру. Банкроттыққа өтінішті борышкердің өзі ғана бере алады. Несие берушінің бұл рәсімдерді орындауға құқы жоқ. Соттан тыс банкроттықта ғана қарыз кешіріледі. Берешек 5,5 млн теңгеден немесе 1600 айлық есепті көрсеткіштен аспауы тиіс. Несие 12 ай төленбеген, өтініш берушінің мүлкі болмауы шарт. Соттан тыс банкроттық бойынша жұмыстарды мемлекеттік кірістер органдары атқарады. Қаржы министрлігі бірінші рәсім бойынша 1 млн-ға жуық азамат өтініш беруі мүмкін деп болжап отыр.

Ержан Біржанов, ҚР Қаржы вице-министрі:
Бұл процедура бойынша банкрот деп танылса, үстемақы, айыппұл, кредитті өндіріп алу, сот шешімдері бәрі тоқтатылады. Бұл қарыздар банктар арқылы жабылатын болады. Азаматтан банкроттық алғаннан кейін басқа талаптар қойылмайды.

Банкрот болған азамат шетелге шыға алады

Борышкер сот арқылы банкрот деп танылса, қарызы өндіріледі. Мүлкі, қаржылық жағдайы тексеріледі. Жалғыз баспана кепілге қойылмаса, қаржы ұйымы оны ала алмайды. Бұл рәсімге қарызы 5,5 млн теңгеден асатындар ілігеді. Үшінші тәсілде қарызды 5 жылға дейін бөліп төлеуге мүмкіндік беріледі. Бұл жағдайда борышкер банкрот деп жарияланбайды. Өтініштерді «E-gov» электрондық үкіметі, «E-salyg Azamat» қосымшасы және Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы онлайн тапсыруға болады. Айта кетейік, бонкрот деп танылған азамат 5 жыл бойы несие ала алмайды. Оның қаржылық жағдайына 3 жыл бақылау жүргізіледі. Шетелге шығуына тыйым салынбайды.

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу