3 наурыздан бастап азаматтар банкроттыққа өтініш бере алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

3 наурыздан бастап азаматтар банкроттыққа өтініш бере алады

30.01.2023

Енді бір айдан соң азаматтар банкроттыққа өтініш бере алады. Тура осы күннен «Банкроттық туралы» заң күшіне енеді. Борышкерді банкрот деп жариялау немесе жарияламаудың үш рәсімі бар. Олар: соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкрот деп тану және азаматтың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Банкроттыққа өтінішті борышкердің өзі ғана бере алады. Несие берушінің бұл рәсімдерді орындауға құқығы жоқ. Соттан тыс банкроттықта ғана қарыз кешіріледі. Бұл жағдайда борышкердің қарызы 5,5 млн теңгеден немесе 1600 айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс. Несие 12 ай бойы төленбеген және өтініш берушінің мүлкі болмауы шарт. Соттан тыс банкроттық бойынша жұмыстарды мемлекеттік кірістер органдары атқарады. Қаржы министрлігі бірінші рәсім бойынша 1 млн-ға жуық азамат өтініш беруі мүмкін деп болжам жасап отыр. Олар кепілсіз тұтынушылық кредит алғандар.

Ержан Біржанов, ҚР Қаржы вице-министрі:

Бұл процедура бойынша банкрот деп танылса, үстемақы, айыппұл, кредитті өндіріп алу, сот шешімдері бәрі тоқтатылады. Бұл қарыздар банктер арқылы жабылатын болады. Провизия құру арқылы азаматтан банкроттық алғаннан кейін басқа талаптар қойылмайды оларға.

Борышкер сот арқылы банкрот деп танылса, оның қарызы өндіріледі. Мүлкі, қаржылық жағдайы тексеріледі. Кепілге қойылған үй болса, оны кредитор алып қоюға құқылы. Жалғыз баспана кепілге қойылмаса, қаржы ұйымы оны ала алмайды. Бұл рәсімге қарызы 5,5 млн теңгеден асатындар ілігеді. Үшінші тәсілде қарызды 5 жылға дейін бөліп төлеуге мүмкіндік беріледі. Бұл жағдайда борышкер банкрот деп жарияланбайды. Банкроттыққа өтініштерді «E-gov» электрондық үкіметі, «E-salyg Azamat» қосымшасы және Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы онлайн тапсыруға болады. Айта кетейік, бонкрот деп танылған азамат 5 жыл бойы несие ала алмайды. Оның қаржылық жағдайына 3 жыл бақылау жүргізіледі. Банкрот деп танылған азаматтың шетелге шығуына тыйым салынбайды. Тек оның өтініші қаралып, қорытынды шығарылғанға дейін елде болуы шарт.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу