Үкімет басшысы алматылықтарға жер сілкінісі туралы уақтылы ескерту жасамаған мемлекеттік органдарды сынға алды. Премьер-Министр Әлихан Смайылов, мұндай жағдайда барлық қызмет түрі бірлесе жедел жұмыс істеуі керектігін еркертті.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
Қаза тапқандар жоқ, ауқымды зиян келмеді. Алайда зардап шеккендер бар. Уақтылы ақпарат алмаған адамдар нақты әрекетсіз дүрбелеңге жол берді. Олар 2, 3 қабаттардан секірген кезде зардап шекті. Бұл ескерту жүйелерін уақтылы қосып, халыққа мүмкіндігінше ертерек ақпарат беріп, хабарламалар жіберу қажет екенін көрсетті. Халық іс-қимыл алгоритмін білуі керек.
Алматы қалалық Төтенше жағдайлар депаратментінің басшысы, ұялы байланыс операторлары шұғыл ақпаратты өңдеуге үлгермеді деп жауап берді. Соның кесірінен, жер сілкінісі туралы SMS-хабарлама тұрғындарға алдын-ала жолданбаған. Сондай-ақ, Нұрлан Ағытаев, негізгі қатты дүмпулер Алматыдан шалғай жерде болғандықтан дабыл қағып, халықты дүрліктіруге еш негіз болмады, дейді.
Нұрлан Атығаев, Алматы қалалық ТЖД басшысы:
Жер сілкінісін анықтайтын станциялар 5,5 балдық дүмпулерді тіркеген кезде ғана электр сиреналар іске қосылады. Осы жолы дабыл қағылған жоқ. Әйтпесе, халық қатты дүрлігіп кететін еді. Ал жер сілкінісінің күші 5 балл шамасында болды.
Тәуірбек Бозекен