Президент Үкімет жұмысын сынға алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Үкімет жұмысын сынға алды

12.12.2022

Жалпы кеңейтілген отырыста Президент Үкіметті сынға алып, жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді. Тіпті Екібастұздағы апатта да тапсырманы дер кезінде орындамаған атқарушы билікті кіләлады. Әрі жиында Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа күтпеген жерден ашық сұрақ қойып састырды. Үкіметтің осы құрамымен жаңа жылға аяқ басуға бола ма? Мемлекет басшысының бұл сауалына жауап қандай?

Президент сайлауынан кейін халық оң өзгерістерді күтіп отыр. Бірақ қазіргі Үкімет құрамы сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыра ала ма? Мемлекет басшысын алаңдатып отырған мәселе осы. «Атқарушы билік қарапайым жылыту маусымына дайындық жұмыстарын жүргізе алмады. Сондықтан ауыл мен қаланың ауқымында шешіле беретін тұрмыстық мәселені Үкіметтің деңгейінде қарауға мәжбүр болып отырмыз», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Өйткені осы саладағы төтенше оқиғалар тым көп болып кетті. Петропавлда, Теміртауда, Степногорскіде, Балқашта, Қарағандыда, Ақтөбеде және Риддерде апаттар болды. Бірақ соның ешқайсысынан әкімдер мен министрлер, ең бастысы, меншік иелері тиісті қорытынды жасаған жоқ. Жауапты қызметкерлер қысты қалыпты режимде, аман-есен өткіземіз деп есеп берген. Бірақ іс жүзінде жағдайдың қалай болып жатқанын көріп отырсыздар.

Ал Екібастұзда болған апат бұл саланың мүшкіл хәлде екенін көрсетті. Қызметкерлердің жауапсыздығы, бақылау жүйесінің қауқарсыздығы мыңдаған адамды жылусыз қалдырды. Осы ретте қала тұрғындары мен қиын сәтте қол ұшын созға еріктілерге алғыс айтқан Президент бұдан былай жұртты тоңдыруға болмайтынын ескертті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Менің тапсырмам бойынша Президент Әкімшілігі жанынан құрылған арнайы Комиссия кешенді шаралар әзірледі. Соған сәйкес бақылау-қадағалау тетігін күшейтіп, меншік иелерінің жауапкершілігін және жалпы саланың тиімділігін арттыру қажет. Комиссия дұрыс жұмыс істемей тұрған 19 жылу электр орталығын анықтады. Оларды шұғыл жаңғырту қажет.Алдын ала есеп бойынша, оған шамамен 90 миллиард теңге керек.

Жалпы мұндай төтенше жағдайларға жол бермеу үшін тапсырмалар дер кезінде орындалуы керек деді Президент. Айтуынша, энергетикалық нысандарды жаңғыртуға қатысты бұрыннан айтылып келеді. Бірақ тапсырған шаруаға атүсті қарау секілді фактілер көбейіп барады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Орындаушылық тәртіпті арттыру қажет. Мемлекеттік аппарат жұмысында менің тапсырмаларымды орындаудағы формальды көзқарас әлі сақталып отыр. Орындау мерзімі әр түрлі себептерге байланысты кешіктіріліп, бірнеше рет кейінге қалдырылып жатады. Жыл басынан бері Президент Әкімшілігі мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың атына тапсырмаларды орындау сапасы бойынша 400-ден астам ескерту жолдады.

Мемлекет басшысының айтуынша, бұған Үкімет тарапынан тиісті бақылаудың болмауы себеп. Тіпті шенеуніктер өз бетінше шешім қабылдаудан қорқақтап, үнемі жоғары жаққа қарайлайды. Сондықтан Премьер-Министр кеңсесін трансформациялап, рөлін арттыру қажет. Ол шағын жинақы аппаратқа айналуы тиіс. Ал, әкім орынбасарлары, вице-миниср секілді қызметке тағайындалатындар қайта қаралып, білімді, жалынды кадрлар келуі керек, - деді Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Өйткені тұтас саланың және аймақтардың дамуы көбіне орынбасарлардың жұмысына байланысты болады. Вице-министр және әкім орынбасары лауазымына нағыз кәсіби мамандар тағайындалуы тиіс. Мұндай қызметке халықпен тілдесе алатын, көзі ашық, көкірегі ояу, азаматтар келуі керек. Яғни шешім қабылдай алатын, жауапкершіліктен қорықпайтын адамдар қажет.

Сондықтан келесі жылы бастықтардың үнемі бүйрегі бұрып тұратын адамдарымен қоштасуына тура келеді деді. Тіпті Үкіметтің жақында отставкаға кету ғажап емес. Өйткені әкім, министрлердің жұмысына қатысты халықтан шағым көп.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Оның үстіне келесі жыл қазіргіден де күрделі қиын болуы мүмкін. Сондықтан мен Премьер-Министр Әлихан Асханұлы Смайыловтан шынайы жауап алғым келеді. Жалпы, жаңа жылға Үкіметтің осы құрамымен аяқ басуға бола ма? Президенттің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру Үкіметтің қолынан келе ме? Үкімет іштен және сырттан болатын барлық экономикалық қауіп-қатерлерге қарсы тұра ала ма?

Десе де бұл сауалдарға бүгін жауап берілмеді. Өйткені ол мемлекет басшысының премьер-министрмен және парламент депутаттарымен алда өтетін консультациялары кезінде талқыланбақ.

Досжан Маратұлы, тілші:

Осылайша Президент Үкіметті сынға алып, ескерту жасады. Өйткені халық құрғақ уәдеден жалықты. Оң өзгерістер бүгін және қазір болады деп үміттеніп отыр, - деді Тоқаев. Ал осы сенімді ақтау Үкіметтің ең басты міндеті болуы тиіс. Сол үшін бұдай былай министрлер мен әкімдердің ісі статистикамен емес, нақты нәтижемен өлшенбек.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу