Жанар Дұғалова жеке өмірі жайлы «Түнгі студия» бағдарламасына келіп ағынан жарылды. Өнер жолын әншіліктен бастаған бойжеткен қазір тарихи роман жазып жатыр.
«Қазір тарихи роман жазып жатырмын. Бұл кітабым трагедия жанрында болады. Қашан бітетінін білмеймін», - деді әнші.
Жақында ғана «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» атағына ие болған жұлдыз келер жылы жеке концертін берсем деген жоспарымен бөлісті. Сондай-ақ продюсерсіз жұмыс жасағанның қиындығын мойындаған ол тіпті, ұшаққа да кешіккендігін айтты.
«Қазір продюссерім жоқ. Баян Мақсатқызынан кетсем де ол мен үшін өмірімдегі ең жақын адамым болып қала береді. Екінші анам деп айта аламын. Продюссерсіз кішкене қиындау, бүгін міне Алматыдан Астанаға ұшатын әуе рейсіне де кешігіп қалдым», - деп күлді Дұғалова.
Арманыңыз не деген сұраққа әнші ертерек қартаюды асыға күтіп жүргенін айтты.
«Көп адамдар қартаюдан қорқады. Ал мен керісінше ертерек қартайып, әже болсам ғой деп асыға күтіп жүрмін. Ол деген жақсы. Немерелерімді қасыма жинап, сүйікті кітабымды оқып, шығармалықпен айнасып, терезенің алдында күннің шуағына қарау қандай бақыт», - дейді Жанар Дұғалова.
Ең алғашқы табысын он төрт жасында тапқанын айтқан әнші бірінші қаламақсына фотоапарат сатып алған екен. Ал, қазір тапсырыспен жас әншілерге өлең жазу үстінде. Сазгердің тың туындысының бірі ағылшын тіліндегі «Қазақстанға қош келдің» деп аталатын әнін Баян Есентаева құрған жігіттер тобы орындамақ.