Берік Уәли: Биыл еліміз үшін саяси- экономикалық өзгерістерге толы жыл болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Берік Уәли: Биыл еліміз үшін саяси- экономикалық өзгерістерге толы жыл болды

27.12.2023

Жоғары лауазымды шенеуніктердің жұмысы ел экономикасына қанша инвестиция тартқанына қарай бағаланады. Президент кеңесшісі әрі Баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси-реформаларды атап өтті. Сонымен 2023 жыл еліміз үшін қандай тарихи оқиғалармен есте қалды? Қасым-Жомарт Тоқаев қандай бастама көтерді? Берік Уәлидің «Қазақпарат» агенттігіне берген сұхбатына шолу жасаған едік.

Биылғы жыл еліміз үшін саяси- экономикалық өзгерістерге толы жыл болды. Берік Уәли өз сұхбатында әуелі Президенттің халыққа арнаған Жолдауына тоқталды. Мемлекет басшысы биыл заң мен тәртіп үстемдігін орнатуға, жаңа экономикалық үлгіге көшуге, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған көптеген бастама көтерді. Экономикамыздың тұрақты өсімін 6-7 пайызға жеткізіп, 2029 жылға қарай 2 есе үлғайту міндетін қойды, - деді Президенттің баспасөз хатшысы. Сонымен бірге шағын және орта кәсіпті қолдауға басымдық беріліп, жаңа Салық кодексі әзірленіп жатқанын атап өтті.

Берік Уәли, ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы:

Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен «Халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы» бекітілді. Осылайша, биыл педагогтердің лауазымдық жалақысы 100 пайыз көбейді. Мектепке дейінгі білім беру мекемелері педагогтерінің де лауазымдық жалақысы 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап 30 пайызға өсті. Жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамының жалақысы 2023 жылы 26 пайызға артты. Студенттердің стипендиясы 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап 20 пайызға, магистранттар мен докторанттардың стипендиясы 15 пайызға көбейді.
Өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес секторға инвестор тарту Президент наразында, - дейді Берік Уәли. Биыл бірінші жарты жылдықта ел экономикасына 13,3 млрд доллары көлемінде қаржы құйылған. Инвестицияның көбі – Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Ресей және Қытай елдерінен тартылған.

Берік Уәли, ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы:

Таяуда Президент Жарлығымен Инвестициялық штаб құрылды. Енді аталған Штаб шығарған шешімдерді орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілері орындауға міндетті. Демек, жоғары лауазымды шенеуніктердің жұмыс тиімділігі олардың қанша инвестиция тартқанына, инвестициялық жобаларды нәтижелі жүзеге асырғанына қарай бағаланады.
Президент биыл жалпы 98 заңға, 344 Жарлыққа, 91 Өкімге қол қойды. Мемлекет басшысының бастамасымен «Ұлттық қор – Балаларға» және «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі енгізілді. Бала күтіміне жәрдемақы беру мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға ұзартылды. «Қазақстанның Халық әртісі» әрі «Халық жазушысы» атақтары қайта жаңғырды. БҰҰ Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2026 жылды Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялады.

Берік Уәли, ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы:

Президенттің тікелей бастамасымен әзірленіп, күшіне енген нормативтік-құқықтық актілердің бірі – «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң. Мұның бәрі еліміздің байлығын халық арасында әділ бөлуге негізделген маңызды қадамдар деп айтуға болады. Себебі қайтарылған активтердің есебінен ел өңірлерінде әлеуметтік, инфрақұрылымдық нысандар салынып жатыр, яғни қаржы халықтың мұқтаждығына жұмсалады.
Президент биыл еліміздің 14 өңіріне жұмыс сапарымен барды. Коммуналдық желілері істен шыққан аймақтардағы ахуалды өз бақылауына алып, Үкіметке шұғыл тапсырмалар жүктеді. Екібастұз жылу электр орталығындағы жөндеу жұмыстарымен арнайы барып танысты. Ал Абай облысындағы орман өрті кезінде Вьетнамға ресми сапарын кейінге шегерді. Шахтада апат болғанда жедел штаб отырысын өткізді, - дейді Президент кеңесшісі.

Берік Уәли, ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы:

Жақындарынан айрылған отбасылармен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдады. Азаматтарға қажетті көмек көрсетуге пәрмен берді. Мемлекет басшысының аймақтарға жұмыс сапары нәтижесінде облыстардағы қордаланған мәселелерге талдау жасалады, кейін соның негізінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін тиісті шешімдер қабылданады.
Берік Уәлидің дерегінше, биыл еліміздің сыртқы саясатына қатысты жұмыстар өте белсенді жүргізілді. Қасым-Жомарт Тоқаев 19 рет шетелге жұмыс сапарымен барған. Мемлекет басшысы елімізді сенімді транзиттік хаб ретінде дамытуға баса мән береді - дейді Президент кеңесшісі.

Берік Уәли, ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы:

«Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында Ляньюньган портында қазақ-қытай логистика орталығы құрылды. «Қорғас» құрғақ порты іске қосылды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік магистралі жұмыс істеп тұр. Қытайдан Иранға апаратын жаңа теміржол дәлізі тартылды. Бұған қоса, Достық – Мойынты, Бақты – Аягөз, Мақтаарал – Дарбаза теміржол жобаларын жүзеге асыру қолға алынды.
Осылайша, Қасым-Жомарт Тоқаев шетел сапарына 33, ал өңірлерді аралауға 17 күнін арнаған. 152 921 шақырым жол жүріп, 243 сағат 46 минутын, яғни 10 тәулігін ұшақ пен тікұшақта өткізген. Ал бұл Жер шарын шамамен 4 рет айналып шыққанмен тең.

Хабарламаларға жазылу