Сауда саласына өзгеріс енгізіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сауда саласына өзгеріс енгізіледі

25.12.2023

Жуырда даладағы базарлардың барлығы жаңартылады. Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев осылай деді.

Жоспар бойынша 2025 жылға дейін олардың барлығы сауда орталықтарына көшіріледі. Себебі даладағы сауда өрт қауіпсіздігі, санитарлық талаптарға, қала құрылысының стандарттарына сай келмейді. Бүгінде ел бойынша 722 универсалды базар бар. Оның басым бөлігі жабық дүкендерге көшірілген. Алдағы екі жылда қалған 74-ін жаңарту жоспарланып отыр. Алайда сауданы жайлы жерге көшіру бағамен күресті қиындатады. Халық көп келетін, таңдау мол жерде жалға беру бағасы қымбаттайды. Салдарынан саудагерлер тауарының бағасын өсіреді. Өндіруші мен дүкеннің арасында жүретін делдалдар да қымбатшылыққа себепкер болып отыр.

Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:

Тиімсіз делдалдарды жою және сауда заңнамасының талаптарын сақтау жөніндегі өңірлік комиссиялардың бақылау қызметі құрылды. Өңірлік комиссиялардың жұмысы бақылау-фискалдық органдарды қосу жолымен күшейтілді. Ағымдағы жылы 1,7 мыңнан астам отырыс өткізілді, мыңнан астам тиімсіз делдалдар анықталды, мыңнан астам әкімшілік іс қозғалды. 


Хабарламаларға жазылу