Елімізде аяқ киім маркалаудың жаңа нұсқасы ұсынылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде аяқ киім маркалаудың жаңа нұсқасы ұсынылды

22.12.2023

Елімізде үш жылдан бері қызу талқыланып келе жатқан аяқ киімді маркалау жеңілдей түспек. Сол үшін тауарларды таңбалау және қадағалаудың бірыңғай операторы бәтеңке өндірушілер мен оны импорттайтындарға таңбалаудың жетілдірілген нұсқасын ұсынды.

Мәселен, енді жүйеде өнімнің сәйкестендіру кодының санына шектеу қойылмай, тапсырыстарда инвойс нөмірі немесе түсініктеме сияқты қосымша ақпаратты көрсетуге болады. Сондай-ақ, қадағалау құжаттарын дайындау кезінде, кәсіпкерлерге өзгертуді қажет етпейтін тауар жайлы ақпараттық кодты (CVS) жүктеп алу мүмкіндігі бар. Оған қоса, тауар кодының жарамдылық мерзімін екі күннен бір айға дейін ұзартуға болады.

Айта кетейін, кәсіпкерлердің өтінішінен соң, осы жылдың 1 сәуіріне дейін маркаланбаған аяқ киімді нарықта сатуға рұқсат етіліп келді. Ал негізінен бәтеңкенің цифрлық құжаты болуы керек дегенді Сауда министрлігі 2021 жылы-ақ енгізген еді. Содан бері ресми аяқ киім импорты 30 пайызға, ал сол сырттан тасымалданған тауарға салынған салық 38 пайызға артқан.

Әйгерім Ердәулет


Хабарламаларға жазылу