Қарағандыда аяқ киім фабрикасы қайта жанданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда аяқ киім фабрикасы қайта жанданды

17.01.2016
Қарағандыда аяқ киім фабрикасы қайта жанданды
Фабрика тарихы сұрапыл соғыс жылдары Украинаның Артемов қаласынан көшірілген аяқ киім фабрикасынан бастау алады.

Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп саласында «Қарағанды аяқ киім» фабрикасының орны ерекше. Оны кеңес кезінде осы кәсіпорынның өнімдерін тұтынған буын жақсы біледі.

Тоқсанышы жылдары тұралап қалған фабрика қазір де бұрынғы атауымен аяқ киім тігеді. Бұған дейін жұмыскерлерге арнап кебіс дайындаған фабрика жақында жаңа желіні іске қосты. Қосты да, көпшілікке арнап аяқ киімдер әзірлей бастады.

Мейірім Әукешов қаладағы машина құрастыру зауытында жұмыс істейді. «Өндірісте еңбек қауіпсіздігін сақтау басты талап»,-дейді жас маман. Осында еңбек ететіндердің барлығы да арнайы жұмыс киімдерімен қамтамасыз етілген.

Олардың қай-қайсысы болмасын, Қарағанды аяқ киім фабрикасынан шыққан бәтеңкелердің сапасы жақсы, еңбек қауіпсіздігі талаптарына сай жасалғанын айтады.

Мейірім Әукешов, металл жонушы:

Біздің жұмысшылардың барлығы осы Қарағанды аяқ-киім фабрикасының бәтеңкелерін киіп жүр. Ұлтанында, тұмсығының астында темірлері бар. Жұмысқа өте ыңғайлы деп айтуға болады. Төзімді.

Фабрика тарихы сұрапыл соғыс жылдары Украинаның Артемов қаласынан көшірілген аяқ киім фабрикасынан бастау алады. Кәсіпорын Қарағандыға барлық құрал-жабдықтарымен жер аударылған.

Нақтырақ айтқанда, қаланың Михайлов бөлігіндегі барақтарға орналастырылды. Тіпті сол кезде украиналық екі маман бірге келген екен. Сөйтіп, 1942 жылы іске қосылған «Қарағанды аяқ-киім» фабрикасында бір кездері 2500 адам еңбек еткен.

Мұнда жылына 3 миллион жұп аяқ-киім тігілген. Соғыс жылдары сарбаздарға да осы жерден мыңдаған жұп етік жөнелтіліпті. 90-шы жылдардағы экономикалық тоқырау кезеңінде өндіріс тоқтап қалады.

Кейін фабрика жұмысы қайта жолға қойылып, өндіріс ошақтарындағы жұмысшыларға арналған бәтеңке, етіктер тігіле бастады.

Ғосман Арынғазиев, цех басшысы:

Өзіміздің отандық өнім деп саналады. Өйткені, материалдарды технологиясы бойынша өзіміз істеп жатырмыз. «ҚазақМыс» корпорациясы, «Арселор Митталмен», «Көмір департаментімен» жұмыс істейміз, сосын тендер бойынша әртүрлі мекемелер бізге тапсырыс береді.

Кәсіпорын жылына 40 мың жұп аяқ-киім тігеді. Мұндағы мамандар шахта, зауыт-фабрика жұмыскерлеріне арналған бәтеңкелер мен етіктердің 16 түрін ойлап тапқан. «Жылдың төрт мезгіліне арналған бұл аяқ-киімдер өте төзімді», - дейді олар.

Сара Оразғұлова, фабрика жұмыскері:
Күніне 200 жұп аяқ киім шығарамыз. Сапасы жақсы. Шетелдікінен біздің өнім жақсы деп ойлаймын. Мына былғары өзімізде Қазақстанда, яғни осы Қарағандыда шығады.

Қазір жеңіл өнеркәсіпте маркетингтік зерттеуді қолданбай қадам жасау қайығыңды қайраңға бұрғанмен тең. Сондықтан, кәсіпорын нарық икемімен жұмыс істеуге кіріскен.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Жуырда фабрикада жаңа желі іске қосылып, мынадай модельді аяқ-киімдер тігіле бастады. Мына таза былғарыдан жасалған туфли шамамен 7 мың теңге тұрады. Ал импорттық дәл осындай өнім екі есеге қымбат.

Аяқ киім фабрикасында жаңа нарық талабына сай өнім түрін көбейтуге байланысты қазір Ғосман Арынғазиев бастаған мамандар тыным таппай еңбек етуде. Мақсат – Қарағанды аяқ киім фабрикасын баяғы танымал деңгейіне жеткізу. Сол үшін үнемі ізденісте.

Ғосман Арынғазиев, цех басшысы:

Өзіміз істеп жатырмыз. Алдымен, модельдің қалай шығатынын көреміз. Сосын түзетеміз. Кейін санын көбейтеміз.


Көз көргендердің айтуынша, кезінде аяқ киім фабрикасы өзінің оқу комбинаты болғанына қарамастан, мамандар тапшылығын сезінген. Алайда, жетпейтін, жұмыс күшінің мәселесін жазғы каникул кезінде мектеп оқушыларын қамту арқылы шешу үрдісі болған. Кәсіпорында маман тапшылығы әлі бар.

Ғосман Арынғазиев, цех басшысы:

Мамандар аздық етуде. Сондықтан, бізден басқа ешкім істемейді бұл жұмысты. Негізі келешекте жастарды осында шақырып үйретуге ниеттіміз. Бірақ, бүгінгі күні жастар ұмтылмайды. Ал арнайы оқу орны Қазақстанда жоқ.

Фабрикада бұған дейін 100 адам жұмыс істесе, енді модельді аяқ киімдер жасалатын жаңа желі іске қосылғалы тағы ондаған адам еңбекке тартылып отыр. Оларға заманауи қондырғыларды басқарудың қыр-сырын кәсіби мамандар үйретіп шықты.

«Бұған қоса, кәсіпорын жанында тері илейтін жаңа цех жұмыс істейді. Соның арқасында былғары өзімізден шығарылып, өнімнің сапасы артты, бағасы арзандады»,-дейді фабрика басшылары.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу