Алматыда Болат Аюхановқа мемориалды тақта орнатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда Болат Аюхановқа мемориалды тақта орнатылды

07.12.2023

Алматыда ҚазКСР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Болат Аюхановқа мемориалды тақта орнатылды.

Салтанатты шараға өнер майталманының жары Райхан Есназарқызы, туыстары, шәкірттері мен әріптестері қатысты. Болат Ғазизұлы Мәскеу театр өнері институтының балетМейстерлік факультетін тәмамдаған. 1965 жылға дейін Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында балет әртісі болды.

Кейін «Қазақконцертте» солист, көркемдік жетекші қызметін атқарды. 1991 жылдан бастап Қазақ мемлекеттік классикалық би ансамблінің көркемдік жетекшісі, 2003 жылдан бері Мемлекеттік академиялық би театрының директоры лауазымын атқарған еді. 100-ден аса рецензия, мақала, сұхбаттың авторы. Қазақ, орыс, түрік, литва, ағылшын және украин тілдерін білген. Аюханов былтыр 85 жасында қайтыс болды.

Мағира Қожахметова, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Болат Ғазизұлы тек қана балетмейстер емес, жалпы жазушы, ақын, драматург. Азамат ретінде де сондай әділ, адал, барлық нәрсені тіке айтатын керемет тұлға болды. Балет өнерінің ғана керемет өкілі емес, жалпы қазақ руханиятының керемет тұлғасы. Және қазақты әлемге танытқан бірден-бір сирек тұлғаның бірі.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу